Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жаңа басшы тағайындалды. Нұрбибі Наурызбаева бұған дейін Ұлттық банктің Ішкі аудит департаментінің директоры болып қызмет еткен. Зейнетақы қорының жаңа басшысы алдағы уақытта журналистерді, сарапшыларды, зейнеткерлерді және салымшыларды шақырып, қоғамдық кеңес құратынын айтты.
«Мен қор салымшылары мен зейнетақы алушылардың мүддесін қорғайтын боламын. Соған сәйкес, қор негізгі 3 бағытта жұмыс жасайтын болады. Бастысы, салымшыларға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту. Жұмыстың неғұрлым ашық түрде, әділ жүргізілуін қамтамасыз етеміз. Бұл зейнетақы активтерін басқаруға, қордың қаржылық-шаруашылық және операциялық жұмыстарын ақпараттандыруға да қатысты. Мен Бұқаралық ақпарат құралдарымен, сарапшылармен, зейнеткерлермен, салымшылармен тығыз байланыс орнатсам деймін», - деді «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басшысы Нұрбибі НАУРЫЗБАЕВА.
Еске салайық, Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұрынғы басшысы Руслан Ерденаев өткен айда тұтқындалған. Сотқа дейінгі тергеу орындары Руслан Ерденаев пен өзге де тұлғаларға меншікке қатысты ауыр қылмыс жасады деп айып тағып отыр. 21 желтоқсаннан бастап Ұлттық банктің қатысуымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» әрекеті тексеріліп жатыр. Тексеру қор акционерлерінің өз активтерін инвестициялауға қатысты болып отыр.