«Мәңгілік полк» Алматыда дәстүр бойынша өтеді. Батыр бабаларының суретін құшақтаған 120 мыңнан аса алматылықтар бірнеше көше бойымен жүреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеруге қатысушылар түрлі сұрақтарымен хабарласады. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың суреттеріне қойылатын талаптар бар ма немесе жеңіс күніне қандай шаралар ұйымдастырылатын білгісі келетіндер көп екен. Ал бұл сұрақтарға жауап іздеген әріптесім Азамат Әуезхан студияға шығып айтып бермек.
-Азамат, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне биыл қандай құрмет жасалмақ?
-Қайырлы кеш, Тоғжан. Жеңіс күніне арналған негізгі іс-шаралар туралы сәлден кейін айтып берейін. Алдымен ардагерлерімізге жасалатын жағдайға тоқталсам.
Сонымен Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрлігінің ақпаратына жүгінсек, Қазақстанда 2067 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оның көбі, яғни 369-ы Алматы қаласында. 260-ы соғысқа қатысса, қалған 109-ы екінші дүниедүзілік соғыстың мүгедектері. Оларға теңестірілгендер саны 4073-ті құрайды. Қаладағы ардагерлер үйінде тұрақты түрде 7 адам тұрып жатыр. Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай олардың әрқайсысына дәстүрге сай бір реттік төлем жасалады.
«Биыл Алматы қаласы әкімінің шешімімен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне төленетін төлемнің көлемі көбейтілді. Егер өткен жылы 150 мың төленсе, биыл ардагелеріміз бен соғысқа қатысушы және соғыс мүгедектері 250 мың теңге алады. Соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер 9 мамырға қарсы 30 мың теңге алып келсе, енді 50 мың теңгеден төленеді», - деді Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Лаура ӘБЖАНОВА.
Төлемдердің барлығы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Дегенмен, жауапты министрлік ол қаражаттың 150 мыңнан кем болмау керектігі туралы ұсыныс берген. Кестеге назар аударсақ. Астанада ардагерлерге жарты миллион теңгеге дейін беріледі. Шығыс Қазақстандағы ардагерлердің алатыны да осындай. Солтүстік Қазақстан да оның көлемі екі есе аз - 240 мың теңге. Батыста беретін сыйлық әлі нақтыланбаса керек. Өткен жылы батырларымызға ат жазылған сағат табысталған. Ал Қарағанды мен Павлодарда 150 мың теңге тағайындалды. Қаржылай көмектен бөлек, әр өңір түрлі қызмет көрсетеді. Газеттерге жазылу тегін, енді бірі тіс протездерін салып, курорт пен сауықтыру орындарына жібереді.
«Біз курортта емделуге кететін шығындарды жабуды қолға алдық. Егер ардагер мемлекеттік сатып алуға қатыспаған емдеу орнында емделгісі келсе, қарсылығымыз жоқ, кедергісіз бара алады. Бюджетті жобалау барысында белгіленген құн бойынша жолдаманың бағасын өтеп береміз. Биыл ондай жолдама 109 мың теңге көлемінде», - деді Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Лаура ӘБЖАНОВА.
Десек те ардагерлеріміз билік өкілдеріне өз ұсыныстарын жолдап отыр. Олар санаторияда емделу уақыттарын ұзартуды сұрауда.
Алматыда соғыс ардагерлеріне ай сайын 18 мың теңгеден төленеді. Бұл сома адамның кірісіне тәуелді емес, барлығына бірдей. Ал енді 9 мамыр қарсаңында өтетін шараларға тоқталсам. Біріншіден, дәстүрге айналған «Мәңгілік полк» шеруі бесінші рет өтеді. Астана алаңынан басталған шеру Төле би көшесі бойымен Достық даңғылына дейін, ары қарай Әйтеке би көшесімен жүріп, шеру 28-ші Панфиловшылар саябағында аяқталады. Шараға «Мәңгілік рота» екінші рет қатысқалы отыр. Ауған соғысы, бейбіт күні қызметте қаза тапқан қызметкерлердің суретін ұстап, туыстары мен жақындары шығады. «Мәңгілік полкқа» биыл шамамен 120 мың алматылық қатысады деп жоспарланып отыр. Шеру 40 минутқа созылады. Ата-бабаларын ұлықтайтын бұл мерекеге кейбірі тыңғылықты дайындалады екен. Соғыс кезіндегі атасының жазған хаттарын сақтап, қымбат жәдігер санайтын шөберені сөзге тартып көрген едік.
«Мәңгілік полкқа» екінші жыл қатарынан қатыстым. Бұл дәстүрді биыл да сақтаймын. Олардың суретін алып шеруге қатысқанда жеңісті алып берген батырларымыз қасымызда тұрғандай әсер қалдырады. Жеңіс парадына олар да қатысып жатқандай», - деді Роман ЧИПЛИКОВ.
Бұл жылы алматылықтарды «Мәңгілік полк» шеруі ғана күтіп тұрған жоқ. Әрине Жеңіс күніне орайластырылған шара 28-ші панфиловшылар саябағында өтеді. Бұдан бөлек, соғыс жылдарындағы атмосфераны бірнеше жерде сезінуге болады.
«Солдаттарға берілетін ботқа дайындайтын жылжымалы асхана болады. Мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады. Ал кешкілік Астана алаңында дәстүрге сай концерт өтеді. Онда соғыс жылдарындағы әндер шырқалады. Жеңісті алып берген ата-бабаларымызды еске алып, сол кездегі көңіл-күйді сезіну үшін әрбір адам да мерекелік шараға қатысып, ән шырқай алады», - деді Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының басшысы Ханзада ЕСЕНОВА.
9 мамыр күні өтетін негізгі шаралар легі осындай. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің көбісінің жүріп-тұруы қиын. Сол себепті оларды үйінде құттықтайды. Ал мерекелік шаралардың куәгері бола алмаған тұрғындар үшін «Алматы» телеарнасы тікелей эфирде хабар таратады. 14.30 да және 15.00-де қала аумағындағы өтіп жатқан мерекелік бағдарламаларды біздің арнамыздан көретін боласыздар.
-Рахмет Азамат. Батыр бабалар рухына біз де тағзым етеміз.