|
16.08.2018 | 17:10
2273

Кәсіпкерлерге еркіндік беру: Қазақстанда бизнес өкілдерін жөнсіз тексерулер тыйылады

Кәсіпкерлерге еркіндік беру: Қазақстанда бизнес өкілдерін жөнсіз тексерулер тыйылады

Кәсіпкердердің құшақ-құшақ құжат тасуы тағы да қысқарады. Оған қоса, бизнес өкілдерін жөн-жосықсыз тексеру тыйылмақ. Бұл бизнесмендердің бәсекеге қабілетті болуы үшін қажет. Ал іскерлердің жұмысын оңтайландыру экономикаға несімен тиімді болмақ? 

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болғандықтан, бизнес өкілдеріне халықаралық талапқа сай жағдай жасалуы шарт. Осы жылдың мамыр айынан бастап әкімшілік кедергілерді қысқарту үшін 14 кодекске 1 мыңнан астам өзгеріс енгізілген. Сондай-ақ, кәсіпорынға тексерісті бұған дейін 1 айға дейін жүргізу мүмкіндігі берілсе, енді бақылау 15 күннен әрі аспайды. Ал есеп-қисапты өткізудегі қағазбастылық 30 пайызға қысқарады. Бастысы бизнес өкілдерінің жасаған транзакциялары үшін салықтық міндеттеме төмендетілген.  

«Қазір жаңа Салық кодексі жақсы жұмыс істеуде. Патент бойынша салыққа 2 пайыз түсім жасалуы керек болса, ал транзакция арқылы жасалса, салыққа 1 пайыз көлемінде қаражат төленуі қажет. Бүгінде мемлекеттің кәсіпкерлік үлесі азайған. Қазір 700 түрлі саладан 351-іне ғана мемлекет араласып, бизнеспен айналысуына болады. Егер кәсіпорын үлесінің 50 пайыздан астамы  мемлекетке тиесілі болса, онда мұндай компаниялар есепке алынбауы керек», – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі департамент директорының орынбасары Бауыржан ТҰРЛЫБЕКОВ.

Ал салықтан жалтарудың жолын іздеп, компанияның есеп-қисабын дұрыс әрі дер кезінде министрлікке тапсырмайтын бизнес өкілдерінің бухгалтерлік жағынан ақсайтыны жасырын емес. Осындай кәсіпорындар есеп берудегі салғырттығы үшін 1 миллон теңгеге дейін айыппұл арқалайды екен.

«Мысалы, былтырғы жылдың өзінде есептілікті дер кезінде тапсырмасаң, арнайы айыппұл бар. Бұл 505 миллион теңге дер кезінде қаржылық есептілікті тапсырмағаны үшін салынған.  Депозитарий 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Бірақ жылдан жылға мұндай айыппұлдар орын алып отыр», – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры Арман БЕКТҰРОВА.  

Бұдан былай венчурлық кәсіпкерлікпен айналысатындарға енді Ұлттық банктің акционерлік қоғамы ретінде емес, жеке дара қор болуларына мүмкіндік беріліп отыр. Бұл ең әуелі, еліміздегі басты қаржы институтының алдындағы қағазбастылықтан арылтады. Яғни, инвесторлар иновациялық жобаларға қаржыны венчурлық қор арқылы құйса жеткілікті.  

«Ал енді мына жаңа заңның қабылдануымен АҚ емес, өзі венчурлық қор ретінде  жұмыс істеп, біраз қағазбастылықтан арылады. Салық органдарына беретін есептері жеңілдейді. Немесе шет жақтан инвесторларды шақыру немесе Қазақстанда жаңа бір салаларды құру үшін біраз жеңілдік алады», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі департамент басшысының орынбасары Құралбай БҰҚАРБАЕВ.

Тілге тиек етерлігі, бұл бастамалар еліміздің дүниежүзілік рейтингте осал емес екенін дәлелдеуге таптырмас тәсіл. Қазірше Қазақстан әлемнің 138 мемлекетінің ішінде бизнесінің бәсекеге қабілеттілігі жағынан 57-ші орында тұр.


Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир