Қаскелеңнің тұрғындары сусыз, жылусыз қалды

Қаскелеңнің тұрғындары сусыз, жылусыз қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықты табиғи газбен қамтамасыз ететін ірі холдингтер қытымыр қысқа дайын болмай шықты. Қалыпты газ берілмегендіктен Қарасай ауданының халқы қақаған суықпен бірге қатып отыр. Балаларын ауыртып алудан қорыққан тұрғындардың кейбірі тіптен үйлерін тастап, уақытша баспана іздеп кеткен. Алпауыт газ холдингінің басшылары төмендеген температураға төтеп бере алмаймыз, қолдан келер қайран жоқ деп қарап отыр.

Канадалық үлгімен салынған сәнді үйі салқындап, жылу жүрмеген соң жанын қоярға жер таппай, автоматты пешін жиі жағалап жүрген жанның бірі Владимир. Бөлмедегі температура төмендеп кеткен соң немере балалары қаладағы жақындарын жағалап кеткен. Тонға оранған екі қария күн көзінен шашылған  жылудың өзі жанға жуат дейді.

«Газ 22-нен бастап жоғалды. Күн өткен сайын жағдайымыз қиындап кетті. Осы тонмен жүреміз, осы киіммен ұйықтаймыз. Пеш газ болмаған соң өшіп қала береді, қоссақ суық үрлейді»,-деді Владимир ДАВЫДОВ.

Жауаптылар күтіңдер, күтіңдер дей береді. Күте-күте көктем келер. Газ жоқ болсада құрылғы құр айналып, алты күннің ішінде сегіз мың теңгені көрсетіп тұр. Көршілеріміз балаларын алып көшіп кеті, осындағы үйлерді қарауылдап қалдық. Су қатып қалмас үшін батарейді насоспен құр айналдырып отырмыз»,-деді Ольга ДАВЫДОВА.

Қаскеленнің Сәукеле елді мекені ғана емес, ауданның шетжағындағы барлық ауыл үйлерінің де сәні кетіп тұр. Аудан тұрғындары алты ай емес, алты күндік аязға дайын болмай шыққан атқамінерлердің қауқарсыздығына қапалы.   

«Жылу жоқ. Үйдің іші жылынбайды. От сондай мәселе бізде. Осы үйде 20 жыл болды тұрғаныма. Бұндай болған емес. Киімде жүреміз, киімде ұйықтаймыз»,-деді Ләйләхан ӘБДІРАХМАНОВА.

Ал, Алматының маңындағы Іле, Қарасай, Жамбыл аудандарын көгілдір отынмен қамтамасыз ететін Алматыгазсервис холдингіне тоңған тұрғындар толассыз хабарласып жатыр. Тұтыну көлемі жұрт тарапынан  күрт артқандықтан қысым төмендеп, газ жетпей жатыр, әрі тасымалдаушы мекемеде отынның көлемін кемітті дейді холдинг президенті.  

«Бізге үш атмосферадан артық көтермей жатыр. Төртке таман көтерсе онда газдың бәрі елге жетер еді. Елдің бетіне де қазір түзу қарай алмаймыз. Дала суық, үйлердің бәрі суып қалған. Екіншіден қазір пештер қуатты ғой. Газ жетпегендіктен кішкене жанады да өшіп қалады»,-деді "АЛМАТЫГАЗСЕРВИС - ХОЛДИНГ" президенті, Айна СЕКСЕНБАЕВА.

Холдинг президенті әдетте қыс кезінде үш аудан тұрғындары тәулігіне 1 миллион 800 мың текше метрге дейін газ тұтынатын. Қазіргі сұраныс 2 миллионнан асты дейді. Оңтүстік өңірдің тұрғындары Түркменстанның қытайға өтіп жатқан магистарльды газына тікелей тәуелді. Осы халықаралық тасымалға жауапты Казтрансгаз басшыларының жомарттық танытып, қажетті отынды қосымша жіберуі ғана жаураған жандарды жылыта алады. 

Әмірболат Құсайынұлы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров