Елімізде қызыл кітапқа енген сұңқарлардың саны жыл өткен сайын сиреп барады. Сала мамандары браконьерлер бағалы құсқа қырғидай тиіп жатыр дейді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты арнайы комитет қазір Қазақстан аумағында шамамен қанша сұңқардың қалғанын білмейтінін мәлімдеді. Өйткені, елімізде сұңқарларға санақ жоқ. Қалықтаған құстың өзін торға түсіріп, әлі күнге саудалап жатыр. Қазақстанда сұңқар саудасын табыс көзіне айналдырғандар аз емес. Құс саудасымен күресуге бола ма? Бұл тақырыпты Айдана Мейрамбайқызы студияға келіп тарқатады.
- Айдана, елімізде саудаланған сұңқарлардың саны қанша екенін болжауға мүмкіндік бар ма?
- Бұл сұраққа ешкім дөп басып жауап бере алмас. Өйткені, соңғы екі жылдың көлемінде 46 сұңқарды Қазақстаннан Араб елдеріне заңсыз асыруға әрекеттенгендер әшкере болды. Ал айласын асырып үлгергендердің қанша екені беймәлім. Жалпы, сұңқарлар біздің елімізде қызыл кітапқа еніп, заңмен қорғалады. Дегенмен, бұл тыйымның өзі браконьерлерді тоқтата алмай тұр. Өйткені, бағалы құсты араб елдеріне қомақты қаржыға сатып, қалтасын қампайтуға әуестер көбейіп кеткен. Мәселен, жыртқыш құстың ең арзанының өзі араб жерінде 1000 АҚШ долларынан бастап сатылады екен. Сатып алушылар құсты жасына, тіпті түсіне қарай, әртүрлі бағалайды. Ең арзан сұңқарлардың басы мен денесі қоңыр түсті болып келеді. Соның өзінде оның құны 15 мың долларға дейін барса, мынандай денесі ақшыл түстілері 100 мың долларға дейін сатылады екен. 15 жылдан бері сұңқар сатумен айналысып жүрген жігіттің айтуынша, ақ және қара түстілері 150 мың АҚШ долларына дейін барады. Сөзімізге дәйек ретінде аты-жөнін атап, түсін түстеуді қаламаған саудагердің сөзіне құлақ түрсек:
Жылда сұраныс, 100 проценттік спрос бар. Кез келген Араб алады оны. Әр жылы әр түрлі. Бесеуден 30-40-қа дейін сатамын. Түстері келмей қалуы мүмкін. Көлемі, жастары келмей қалады. Көлемі иығынан құйрығының ұшына дейін есептелінеді. 43 см-ден 46-47 ге дейін. Одан қысқа размері өтпейді. Сосын жастары үлкендері өтпейді. 1 жылдан 3 жылға дейін бағаланады жастары.
Сарапшылардың сөзінше, сұңқарларды Араб елдеріне заңсыз тасымалдау 90-шы жылдардың ортасынан бастау алған. Кейін бұл кәсіп қыза түскен. Табыс көзін тапқандар сол жылдары, тіпті шалқып шыға келген. Ал кесірі жыртқыштарға тиді. 2000 жылдардың басында сайын даламызда самғаған сұңқарлар саны күрт төмендеген.
«Араб нарығындағы деректерге сүйенсек, 90-шы жылдардың соңында оларға Қазақстаннан жыл сайын шамамен 1000 сұңқар жеткізіліп отырған. Сол кезде біздің елдегі санақ бойынша сұңқарлардың саны шамамен төрт мың жұп болған. Қазір бұл сан төмендеп кеткені айтпаса да түсінікті», - деді Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы директорының міндетін атқарушы Сергей СКЛЯРЕНКО.
Арабтардың сұңқарларға сонша құмартуының себебі- ол жақта жыртқыш құстың бұл түрімен аңға шығу сәнге айналған. Одан бөлек, қолында қымбат ақ сұңқары бар шейх жеке ұшағы немесе қымбат көлігі бар баймен пара-пар деп саналады. Сондықтан арабтар бағалы құсты алу үшін барын беруге дайын. Тіпті, арнайы аукциондар ұйымдастырып, сұңқар саудасын да қыздырады.
Осындай ермектің кесірінен, сұңқарлардың мүлдем жойылып кету қаупі төніп тұр. Қара басын ойлаған браконьерлердің басты мақсаты қалтасын заңсыз жолмен қампайту ғана. Ал жыртқыштардың жайына жан ауыртпайды. Өткен аптада сондай қара ниеттілер Астана әуежайы арқылы 23 ақ сұңқарды Дубайға контрабандалық жолмен жөнелтпек болды. Олар бағалы құстарды дорбаға тоғытып, нығыздап байлап салған. Салдарынан, тәркіленген 23 ақ сұңқардың осы уақытқа дейін үшеуі ауа жетпей өліп қалған. Ал тірі қалған жиырмасының жағдайыда жетісіп тұрған жоқ.
Құстарды мұндай азапқа салғандар қолға түспей сытылып кеткен. Қаскөйлер қазір іздестіріліп жатыр. Олардың үстінен 339-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Әзірше белгісіз. Неге десеңіз, 3 сөмкеде биркасы табылған болатын. Әуежайда қазіргі таңда орман шаруашылы, жануарлар дүниесі комитеті тарапынан ҰҚК-нің шекара қызметіне біз тарапынан хат жолданды. Яғни, осы іс мән-жайды анықтап, кінәлі адамдарға жаза қолдансын деген. Бұйрық бойынша бұл жануарлар дүниесіне келтірілген зиян бойынша әрбір ақ сұңқарға 200 АЕК айыппұл салынады. Бұл сирек кездесетін ақ сұңқар болғаннан кейін әрбір көрсеткіш 3 есе еселенеді. Бүгінгі таңда мемлекетке келтірілген шығын 4 млн 329 мың теңгені құрайды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен ДІЛДАХМЕТ.
Қанаттыларға қорлық көрсетілгенін білген әлеуметтік желі қолданушылары ұлардай шулады. Олар қалған сұңқарларды сақтап қалу үшін браконьерлерге жазаны күшейту қажеттігін алға тартуда. Айта кетсек, жалпы Қазақстан аумағында сұңқарды қолда ұстауға тек жиырма шақты адамның рұқсаты бар. Олар бағалы құсты баптап, саятшылық үшін бірнеше рәсімдерден өтіп барып қана, тиісті рұқсат алады.
«Тиісті жердің инспекторлары келіп, үй жағдайыңызды тексереді. Одан соң акт жазылады. Құс асырауға жағдайы бар дегендей. Одан соң тағы да бір айтар жері, бұл құжатта құсты пайдалану нұсқаулары бар. Онда аңшылыққа пайдаланасыз ба, қолдан құсты көбейтуге пайдаланасыз ба соны анықтап жазасыз. Көбейту мақсатындағы құстар, мысалы, аңшылыққа пайдалануға рұқсат етілмейді», - деді құсбегі Руслан АБЫЛ.
Есесіне араб шейхтеріне қазақ даласына құс салуға ресми рұқсат берілген. Үкіметтің арнайы қаулысы да бар. Тек сейіл іздеген қонақтар қомақты қаржыға сатып алған өз сұңқарларымен ғана келулері тиіс. Араб елдері азаматтары, әсіресе Біріккен Әмірлік өкілдері, жылына бір рет Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қырандарын тек дуадаққа салады. Саятшылықты 22 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүргізуге рұқсат бар. Және олар тек 80 дуадаққа дейін ұстап ала алады. Ал әрбір дуадақтың ақысы үшін біздің мемлекетке 625 мың теңге төлейді.