Білім министрлігі жатақханалардың жағдайы төмен екенін мойындады

15.03.2018 20:24

Қазақстанның білім және ғылым министрлігі еліміздегі жатақханалардың жағдайы неліктен төмен екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Білім вице-министрі Бибігүл Асылованың сөзіне сүйенсек, әр ЖОО нысандарын жөндеуден өткізіп, жаңартып отыру мәселесін өзі шешуі тиіс. 

«Алматының СЭС-на арыздар түсіп жатыр. ЖОО-ның өз қаржы мүмкіндігіне қарамастан осы жағдай туындады. Неге? Өйткені мемлекет студент үшін төлейді, ақылы бөлімде оқитын студенттер алған білімі үшін өздері төлейді, ол қаражат ЖОО-да жинақталады, ал ЖОО жеке субъект ретінде барлық мәселені шешуі тиіс», —деп жауап берді вице-министр үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Бұдан бөлек, шенеуніктердің айтуынша, проблеманың түп-тамыры жатақханалардағы орын жетіспеушілігі болып отыр. Бұл проблеманы шешкен соң, жатақханалардағы ахуал бірден жақсаратын болады.

Бұдан бұрын Бибігүл Асылова қазақстандық студенттердің 40%-ына жатақханадан орын жетпейді деп хабарлаған болатын.

Теги: жатақхана