Бишімбаевқа қатысты сот процесінде тағы бір деректің беті ашылды

08.11.2017 22:53

Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен тағы 22 күдіктіге қатысты негізгі сот процесі басталды. Сотта экс-министрдің қорғаушысы Сәлімжан Мусин Бишімбаевтың айыптылар қатарынан табылуына Мұратхан Тоқмади себепкер болуы мүмкін дегенді келтірді.

«Қуандық Бишімбаевқа тағылған айыптар Мұратхан Тоқмадидің Бәйтерек холдингінің жұмысына қатысты ақпарат құралдарына берген сұхбаттарына ұқсас. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары осы мәлімдемелерге сүйеніп, тергеуді бастаған. Бізде айғақтар бар. Сонымен қатар, акционерлік қоғамына қатысты «Ұлттық энергияны үнемдеу ұйымынан» келіп түскен айыптау хат-өтінішін таптық. Оны да 2008 жылы Мұратхан Тоқмади ашқандығын анықтадық. Онда «Бәйтерек» холдингінің Қызылорда облысында шыны зауыты салыну кезінде қызметкер былығы көрсетілген. Осы құжат тексеруге түрткі болған», - деді Қ. Бишімбаевтың қорғаушысы Сәлімжан МУСИН.

Сот процесі кезінде тағы бір дерек белгілі болды. Прокурор Сауле Сыдықованың айтуынша, Бишімбаев пара алуға туысқанын тартқан. Іс әшкереленбес үшін құпия сөз пайдаланған. Әрбір қаржыны қолға алған жағдайда экс-министрге туысы «Ақсәуле» деген құпиясөзді жеткізуі міндетті болған.