20 метрлік торт, "Құрақ көрпе", «Алтын алқа»: алматылықтар Астана күнін кеңінен атап өтті

20 метрлік торт, "Құрақ көрпе", «Алтын алқа»: алматылықтар Астана күнін кеңінен атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бас қаланың туған күніне ерекше тарту! Биыл Алматының әр ауданы да Елордамыздың мерейтойын дүркірете атап өтті. Ұлан-асыр тойға арнап 20 метрлік торт пісірген аспаздар да табылды. Ал он саусағынан өнер тамған шеберлер тіпті 20 метрлік көрпе құрап, көпшілікті тәнті етті. Көздің жауын алар ұлттық нақыштағы көрпені ісмерлер енді жақын күндері астаналықтарға сыйға тартпақ!

Астананың 20 жылдығына орай Медеу ауданындағы он саусағынан өнер тамған шеберлер құрақ көрпе тікті. Орталық саяқбақтағы алаңға жағалай отырып іске кіріскен ақжаулықты әжелер мен аналар жиналғандарды тәнті етті. Ісмерлер әп сәтте ұлттық дәстүрді жаңғыртып, әп сәтте 20 метрлік көрпені құрап тастады.

«Бүгін үлкен мереке. Егеменді еліміздің 20 жылдығына арнап мына әжелер қазақтың дәстүрін қолдап, Астананың 20 жылдығына арнайы 20 метр құрақ көрпені сыйға тартып жатырмыз. Еліміз аман болсын! Халқымыз тыныштықта болсын! Елбасымыз аман болсын!», – дейді «Ардагер» ансамблінің жетекшісі Қарлығаш ЫСҚАҚОВА.

Ал Наурызбай ауданында бұл күні ұлттық спорт ойындарымыз жаңғыртылды. Жасөспірімдер арасында қазақша күрестен жекпе-жек ұйымдастырылып, кіл мықтылар кілемге шықты. Сайысқа қатысушы жас балуандар өздерінің күш-қайратын паш етті. Күрес тәсілдерін шебер қолданып, қарсыласын жеңгендерге сыйлықтар табысталды. Жалпы, Наурызбай ауданында өткен мерекелік жиынға 2000-нан астам тұрғын белсенді қатысты. Келушілердің құрметіне концерт қойылып, оркестр өнер көрсетті. Шарада ауданның дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленіп, марапаттар табысталды. Сондай-ақ, алтын құрсақты аналарға алқа берілді.

«7 баланың анасымын, 24 немерем бар, 4 шөберем бар. Аллаға шүкіршілік, мына Астана күнімен бізді елеп құттықтап жатыр. Астанамыздың туған күні құтты болсын! Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын!», – дейді «Алтын алқа» иегері Шұға АСАНҚЫЗЫ.

«25 адамды марапаттадық. Ол мектеп ұжымы, ол өзіміздің осы ауданға үлес қосқан бірлестіктер, басқа да мекеме ұйымдары. Себебі, өздеріңіз білесіздер, аудан жаңа, жұмыс көп. Сол себептен қарапайым және басқа да ағаларымызды, апаларымызды марапаттадық», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Балтөре ПІРӘЛИЕВ.

Ұлттық рухты көтеріп, отансүйгіштікті дәріптейтін бұл спектакльді Алатау ауданының өнерпаздары сахналады. Шағын қойылымда  сонау ерте ғасырлардан бергі қазақ халқының тарихы бүгінгі күнге дейін паш етіледі. Өнерімен еліте білген актерлердің шберелігіне көпшілік ерекше сүйсінді. Ал Түрксіб және Әуезов аудандарында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылды. Алаңға жиылғандар әншілермен бірге ән айтып, би биледі. Қаланың әр ауданында таңертең басталған мерекелік шара кеш батқанша жалғасын тапты.

Айдана Мейрамбайқызы, Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров