«Болашақ» стипендиясын 13 мыңға жуық қазақстандық иеленді

17.04.2018 21:10

«Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылған 25 жылдың ішінде 12831 стипендия тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қыметіне сілтеме жасап.

Бағдарлама алғаш қолға алынған кейінгі бірінші онжылдықта 1994-2004 жылдар аралығында 785, ал 2005-2007 жылдары 12046 стипендия берілген. Стипендия тағайындалған уақыттан бері 10 мыңнан астам маман дайындалды. Әлемнің 356 елінің 200-ден астам жетекші жоғары оқу орны бағдарламаның стратегиялық серіктесіне анйналды. Қазіргі уақытта шетелде 1209 адам, оның ішінде 14-і бакалавриат бағдарламасы, 1021-і магистратура, 118-і доктарантура, 2-еуі аспирантура бойынша білім алып жатыр. 54 адам тағлымдамадан өтуде. Стипендианттардың 46,2 пайызы Ұлыбританияның 35,8% АҚШ пен Канаданың, 5,2 % Еуропа елдерінің, 4,9% Азия мен Мұхит жағалауы елдерінің және 5 % Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуда.

«Бүгінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері Times Higher Education, QS және Academic Ranking of World Universities халықаралық академиялық рейтингтердің нұсқасы бойынша әлемнің ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында оқып жатыр», - делінген хабарламада.

Бағдарлама арқылы әлемнің жоғары оқу орнын бітіріп келген 10 мың түлектің 5 мыңы магистр, шамамен 3 мыңы бакалавр, 300-ден астамы PhD докторы дәрежесін алған. Сонымен қатар 1800-ге жуық маман тағлымдамадан өтіп келген. Түлектерден 40 пайыздан астамы экономиканың шынайы секторында, 20% білім және ғылым, 7% медицина және денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді.

«Болашақтықтардың еншісінде қолданбалы сипатқа ие жүздеген ғылыми әзірлемелер, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен инжинирингті дамыту салаларындағы 100-ден астам ірі әлеуметтік жоба бар. Жүрекке 26 мыңнан астам операция жасалды және 1700-ден астам емдеудің халықаралық стандарттары мен алгоритмдері енгізілді», - деп атап өтеді орталықтың баспасөз қызметі.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған.