Оқушыларға арналған ас мәзірінде маусымдық ерекшеліктер ескеріледі

06.09.2018 23:50

Биылдан бастап еліміздегі мектептерде бірыңғай тамақтану стандарты енгізілді. Білім ошақтары оқушыларға арнап арнайы тамақтану рационын ұсынып, ерекше тәртіппен жұмыс істеуде. 4 апталық ас мәзірі Қазақ тағамтану академиясы, Ұлттық салауатты тамақтану орталығы мамандарымен бірлесіп әзірленген.

Төрт апталық ас мәзірінде маусымдық ерекшеліктер назарға алынған. Оқушыға аптасына екі рет бал мен сүт, үш рет сүзбе, көкөніс салаты және жеміс-жидек беріледі. Бейсенбі сайын балық, әр күні сұйық және қою тамақтан дәм татады. Қою асқа сиыр және тауық еті қарастырылған. Мектеп асханасында қызмет көрсететін мекемені білім ошақтары нормативті құқықтық актіге сай байқау өткізу арқылы таңдайды.

«Біз Тағамтану институты берген ұсыныс кітапшасында жазылған стандарттарды ұстанамыз. Оны қатаң сақтаймыз. Соған сай ас мәзірі жасалады. Тағамдардың калориясын, бір-біріне сәйкестігін қарап отырып, мәзір дайындалады», – деді кәсіпкер Гүлнар МАМАЕВА.

Осы жылы Алматыда жаппай оқу қорына 764 миллион теңге қарастырылған. Бірінші жартыжылдықта оның 352 миллионы жұмсалыпты. Ол қаржы әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды тегін тамақпен қамту үшін кеткен.

«Жаппай оқу қорынан бөлінген қаржы әлеуметтік аз қамтылған 1 және 11 сыныптар оқушыларын тегін тамақпен қамтуға жұмсалады. Осы жылы тамақтану нормасын және азық-түліктің бөлшек сауда бағасын негізге ала отырып, бағасы орташа есеппен, 300 және 600 теңге деп белгіленді», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының бөлім маманы Тахиржан САЛИЖАНОВ.

Айта кетейік, Алматыда жалпы 204 мектеп бар. Онда 243 мың оқушы білім алуда.


Перизат Көмекбайқызы, Жанна Хабдулхабар «Алматы» телеарнасы