Алматыда өткен Алма фестивалінде 100 тоннадан астам алма сатылды

Алматыда өткен Алма фестивалінде 100 тоннадан астам алма сатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар Қала күнін думандатып атап өтті. Кеше мереке алаңдарында 100 тоннадан астам алма саудаланды. Алып шаһардың туған күніне орай ұйымдастырылған Apple Fest алма фестивалінде қаланың басты жемісін шаруа қожалықтары тұрғындарға қолжетімді бағамен сатты.

Дәстүрлі Алма фестивалінің биыл ауқымы кең. Мегаполис басшысы Бауыржан Байбек қала тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, Алматыны дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

Бүгінде «Адамдарға арналған қала» жобасы аясында тарихи орталықтың 60 пайызы жаңарды. Қаланың сәні келісіп, әл-ауқаты артып келеді. Салтанатты шара барысында «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағын алған азаматтарға марапаттар табысталды.

«Мың жылдық тарихы бар киелі мекен – Алматы ең алдымен, Елбасы атап өткендей, Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Бүгінде Алматы еліміздің өнер мен білім, әдебиет пен мәдениет, қаржі, спорт пен туризм орталығына айналды. Өмір сүруге, білім алуға, еңбек етуге, бизнес жүргізуге қолайлы, туристер үшін тартымды, орта Азиядағы ірі өңірлік магнит», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қала тұрғындары мен қонақтарының алаңсыз тынығуы үшін мерекелік шараларда бар жағдай жасалды.  Алмадан жасалған әртүрлі инсталляциялар құрылды. Бір мезгілде бір алаңда бірнеше шара өтті.  

«26 сорт жеткізілді. Олардың атауын түгел тізіп айтып шығу мүмкін емес, апорттан бастап «Американка», «Восход», «Золотое превосходное», «Тюльпан» сияқты түрлері толып жатыр. Алма өсірумен айналысатындықтан, ауданда, облыста бәрі құрмет көрсетіп, ізгі ниет-тілектерін білдіріп отырады. Мен осы алмаларды күтіп-баптап жүріп, кейде шаршағанымды ұмытып кетемін», – дейді Ақлима БЕКМАҒАМБЕТОВА.


Новости партнеров