¤
Алматыда жергілікті бюджетті үнемдеу есебінен әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға көмек беріледі. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бюджеттік және әлеуметтік салада қызмет ететіндерге сыйақы беріледі. Бұл туралы шаһар басшысы Бауыржан Байбек "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалында өткен ХІХ есептік-сайлау конференциясында мәлім етті. Биыл жергілікті бюджеттен бас-аяғы 123 миллиард теңге үнемделген екен. Жол айналымдарын оңтайландыру, құрылыс нысандары мен Универсиадаға бөлінген қаражаттан 60 миллиард теңге үнемделсе, әлеуметтік нысандарға бөлінген қаражаттан 56,5 миллиард теңге, ал, мемлекеттік сатып-алулар кезінде 6,5 миллиард теңге үнемделген. Оңтайландырылған қаражаттан енді дәрігерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, әлеуметтік және бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге айлық жалақысы көлемінде сыйақы тағайындалады. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың әрқайсысына 50 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі.¤
"Қазіргідей экономикалық ахуалдың қиындығына қарамастан, депутаттық фракция бюджеттің шығындарының 50 пайызынан астамын әлеуметтік салаға жұмсауын тұрақты назарда ұстап отыр. Мәселен, өткен жылдың соңында 18 млрд теңге үнемделіп, биыл қосымша 30 млрдтан астам теңге бөлу жөніндегі фракция ұсынысы жүзеге асырылды. Бұл қаржы қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалды",- Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
¤
¤Сыйақы алатын алматылықтардың саны шамамен 114 мың 300 екен. Ал бөлінетін қаражат 6,2 миллиард теңгені құрайды. Үнемделген қаржы тарапынан сыйақы алатындардың қатарында І, ІІ - дәрежелі мүгедектер, көп балалы аналар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері де бар.