Бір тәуліктен бері 140 адам Ақтаудан Антальяға ұша алмай жатыр

Бір тәуліктен бері 140 адам Ақтаудан Антальяға ұша алмай жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Sunkar Air әуе компаниясының Ақтау-Анталья бағытындағы рейсі кесте бойынша 30 шілде күні таңғы 7.00-де ұшуы тиіс болған. Алайда жолаушылар бір күн бойы ұша алмай отыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

«Әуе компаниясы рейсті бірнеше рет кейінге қалдырды. Компания өкілдерінің бізге келмегені таңғалдырды. Ешкім түсіндіріп бере алмады. Бізге ұшамыз ба, жоқ па, оны да айтпайды. Осы түсінбестік салдарынан әлі әуежайда отырмыз. Тіпті, өз қаражатымызбен екі рет әуежайға келіп-кеттік. Бізге су да, тамақ та берген жоқ. Мұнда 150 адам бар, олардың қырық шақтысы – балалар. Бүгін таңертең ғана кешке, 22.00-де ұшатынымызды айтты»,– дейді жолаушылардың бірі.

Ал Sunkar Air әуе компаниясының директоры Талғат Жолдыбаев рейс техникалық проблемалар болған соң кешігіп жатқанын айтты.

«Ақтаудан жексенбі, 29 шілде күні келген ұшақта борт компьютерінің блогы істемей қалды. Біз бөлшекке бірден тапсырыс бердік, кеше кешкісін Ақтауға жеткізді. Ол да бұзылған екен. Осыдан кейін жолаушыларды Антальяға басқа бортпен жібереміз деп шештік. Бізде Алматыдан Малеге ұшатын рейс бар. Бүгін жолаушылар Антальяға ұша алады. Ұшу уақытын 22:00-де деп жоспарлап отырмыз. Олардың шығындарын өтейміз. Оларға Антальяға қонақ үйге келген күніне қосымша төлейміз. Ал кері қарай келесі аптадағы сейсенбі күні емес, сәрсенбіде әкелетін боламыз. Адамдар еш шығынға ұшырамайды. Компаниямыз мұндай жағдайға бірінші рет тап болып отыр», – деді Талғат Жолдыбаев.

Sunkar Air әуе компаниясы директорының сөзінше, жолаушылар үшін кеше қалаға дейін көлік ұйымдастырылып, тамақ берілген.


Новости партнеров