Қарғалыны нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Қарғалыны нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарғалыны нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылысшылар көктем шыққанша өзен арнасының 7 жарым шақырымнан астамын толықтай бекітіп, жан-жағын көріктендіруді жоспарлап отыр. Қазір жұмыстың 75 пайызы атқарылып, асау өзеннің 4 жарым шақырымы жөндеуден өтіпті. Бұл жұмыстарға қала қазынасынан 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Қарғалы өзенінің жағасында күндегі көрініс осы. Аптап ыстық пен қытымыр қысқа қарамайтын құрылысшылар күндіз-түні тыным таппай, өзеннің жағасын нығайтуда. Тұрғындарды сел қаупінен сақтау үшін қолға алынған жұмысқа қазір 54 техника мен 640 құрылысшы жұмылдырылған. Соның бірі Атабек Жумаков. 10 жылдан астам қарапайым құрылысшы болып, қазір бригадирлер тобын басқарып жүрген маман өзен арнасын бекітуге жаздан бері білек сыбана кіріскен екен.

«Осы күннің суығында оңай болып жатқан жоқ бізге істеп жатқан жұмысымыз. Ең қиын мәселе осы су мен кабель мәселесі болып тұр. Суды ары қашырып, бері қашырып болмай жатыр. Одан кейін екінші мәселеміз кабель жүріп жатыр астында. Сол кабельден көбінесе біздің жұмысымыз жүрмей жатыр. Уақытымыздың бәрі кабель алумен, су қашырумен өтіп жатыр», - деді бригадир Атабек ДЖУМАКОВ.

Десе де, құрылысшылар Қарғалы өзенінің бөгеттен бастап, Жандосов көшесіне дейінгі аралықтағы нығайтылуы тиіс 8 шақырымға жуық арнаның 4 жарым шақырымын жөндеп үлгеріпті. Ал, темірбетон конструкцияларын орнату жұмыстарын бітіруге шақ қалған. Тек, өзен жағасында тұрғын үйлер жиі орналасқан аумақ қана қалған көрінеді. Өйткені, өзен бойының 1 шақырымына үйлер көп тұрғызылып, құрылысшыларға едәуір кедергі болып отыр. Қазір жұмысшылар өзен жағалауының барлық тұсында еңбектенуде.

«Қазіргі таңда 4580 метрі бітіп отыр, оның ішінде 1700 метр үйдің араларында тұр. Өте қиын, техника да кіре алмайды ішіне. Бетон да әкеле алмаймыз. Оны қазір әкімдікпен сөйлесіп, қарастырып жатырмыз», - деді құрылыс бөлімінің жетекшісі Қайрат ДҮТБАЕВ.

Айта кетсек, Қарғалы өзенінің арнасын нығайту жұмыстары шілдеде басталған болатын. Бұл ауданда атқарылып жатқан ең маңызды құрылыс. Қазір өзеннің жоғарғы бөлігінде, яғни 2 жарым шақырымында құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Құрылысшылар бөгетті нығайтып қана қоймай, өзен жағалауын көріктендіріп берді.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров