Құрылғанына бір жыл да толмаған "Ниет" қайырымдылық қоры үш мыңға жуық балаға қол ұшын созып үлгерген. Жомарт жандардың мұрындық болуымен ашылған қор мүгедек балалар мен жетімдерге, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға азық-түлік, киім-кешек алуға арналған сертификаттар береді. Ұйымның басты ерекшелігі - жанашырлық танытамын деген адам онлайн түрде қаржы аудара алады.
Гүлмира Искандарова өмірде қаймығуды білмейді. Баласы Азиз сал ауруына шалдықса да, перзентін жанынан бір елі тастамаған емес. 40 жасар келіншектің жүктілігі қалыпты өтіп, айы-күні жеткен сәбиді дүниеге әкелген. Алайда бірнеше күннен соң баласының денсаулығы күрт өзгере бастапты.
«Туылған кезде балам тәп-тәуір болған. Екінші күні денесі сарғайып кетті, артынша оған екпе салынды. Содан кейін жағдайы мүлдем нашарлап кетті. Дәрігерлер мұны түрлі инфекциялық аурулармен байланыстырды. Жан сақтау бөлімінде 40 күн жатып, дәрігерлер сол кезде-ақ баламның әрі қарай мүгедек болатынын бірден айтты», - деді Гүлмира ИСКАНДАРОВА.
Ана жүрегі «баласының мүгедектігіне қарамастан ел қатарлы өсіп-жетілсе», - дейді. Жалғызбасты әйелдің мемлекеттен алатын жәрдемақысы жалға алған үйі мен дәрі-дәрмегінен әрі аспайды. Соңғы бірнеше айдан бері Азизге «Ниет» қайырымдылық қоры азық-түлік себетін беріп, жәрдемдесіп келеді. Жуырда жомарт жанның атынан отбасы шотына жүз мың теңге ақша аударылыпты.
«Азық-түлік алу үшін де қаржы жағынан қиналып қаламыз. Бірақ «Ниет» қоры бізге арнайы сертификат бөліп тұрады. Ол да біз үшін бір жеңілдік», - деді Гүлмира ИСКАНДАРОВА.
Қалада осы сияқты мыңдаған отбасы бар. Оларға тамшыдай болса көмек болсын деген мақсатпен құрылған «Ниет» қайырымдылық қорының жұмыс істеп тұрғанына бір жыл да толған жоқ әлі. Соған қарамастан қордан көмек күтетін балалардың саны үш мыңға жуық.
«Бізде көрсететін көмек ол мүгедек балаларға, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларына және төмен отбасыларға көмектесеміз. Негізінде біз тізімді әкімшіліктен аламыз. Бізді естіп жатқан адамдар өздері келіп, құжат тапсырып өтініш жазады», - деді «Ниет» қоғамдық қорының үйлестірушісі Гүлназ АЛДИЯРОВА.
Бұдан бөлек қор түрлі маусымаралық науқандар да өткізіп тұрады. Алдағы жаңа жылдық мейрамға орай балаларға түрлі компания тарапынан қомақты ұсыныстар түсіпті.
«Біз жеке меншік мекемелермен бірлесіп онкологиялық сырқаты бар балаларға ерекше сый жасауды жоспарлап отырмыз. Онкология бөлімінде жатқан жеткіншектердің тізімін жасап, олардың Аяз атаға жазған хаттарын жинап, армандарын орындамақпыз. Тағы бір компания 1000 балаға мерекелік сыйлыққа қаржы аударып отыр», - деді «Ниет» қоғамдық қорының президенті Айнұр ТЕМІРХАНҚЫЗЫ.
Қайырымдылық ұйымға қаржы қолма қол аударылмайды. Ұйымның ерекшелігі де сол. Мұнда кез келген көмек көрсетемін деушілер онлайн-платформа арқылы балалардың атына тиісті ақшасын аудара алады. Сондай-ақ сайтта кімге, қанша қаржы аударғаны туралы барлық ақпарат тұрады. Ал келесі жылы қайырымдылық қордың тағы Астана және Шымкент қалаларында филиалдары ашылмақ.
Назкен Байтілес, Мұрат Тайжан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы