Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухана күзетшілері 7 айдан бері жалақыларын алмаған

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухана күзетшілері 7 айдан бері жалақыларын алмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нөмірі 7 қалалық клиникалық ауруханасы күзетсіз қалды. Емделушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзетшілердің өздері ақпан айынан бері айлық алмаған. Қатар тұрған қос ауруханада тегін жұмыс істеген қызметкерлер 40 мың теңге ғана болатын жалақымызды басшылар бермей отыр дейді. Ал ауруханадан ай сайын миллионға жуық қаржы алып отырған "Үш қоңыр секурити" фирмасының кеңсесі құлыптаулы.

Ия, бұндайда болып тұрады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бас сақшының өзі ауруханаға келген адамның телефонын ұрлап, полицияға ұсталған. Бірақ жазасыз құтылып, еркінсінген басшылар  жалақыны да жоқ қылып жіберетін болған. Нөмірі 7 және 1 аурухананы күзетіп келген елуге жуық жұмысшының алды тоғыз, арты үш айдан бері жалақы алмаған.

Тәулік бойы күзетке шығатын жұмысшылардың жалақысы 40 мың теңге ғана. Тиісті еңбегін ала алмай, тегін жұмыс істеп, тентіреп кеткен күзетшілер аурухана басшысының мән жайды біле отырып, "Үш қоңыр күзет" фирмасының заңсыз әрекетін тыймағанына да наразы.  

«5 миллион 760 мыңға келісім шарт бар. Ай сайын 987 мыңды аударып тұрамыз. Бізде сіздердің алдарыңызда қарыз жоқ. Уақытысымен актілер келеді. Келесі айдың онына дейін мен төлеп берем»,- деді Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас есепшісі, Дилара ДАНЫШПАНОВА. 

Аурухана күзет фирмасына бір жылдық қызметі үшін 6 миллион 4 мың мың теңгеге келісім шарт жасасқан. Бұл фирманың тек бір мекемеден ғана алған ақшасы. Күзет кеңсесі заңды түрде Қарасай ауданында тіркелгенмен, офистері мен күзететін мекемелері қалада.

«120 шаршы метрлік офисті жалға алғанмен, ақысын төлемегендеріне жарты жыл болды. Еріксіз есікті мөрлеп, жаптым. Қазір сотқа құжат дайындап жатырмыз. Ринат Сейітжан деген фирманың басшысы дөрекі сөйлеседі. Оларды осындағы офиске айлық ала алмай жүрміз деп іздеп келетін адамдар көп»,-деді "Аян" ЖШС директоры, Раиса МАХАТОВА.

"Жұмысшы жетіспеген соң, екі-үш тәуліктен күштеп тұрғызатын жайттарда жиі болады. Тегін жұмыс тарту үшін қасақана құжат бермей, қулыққа барады"- дейді қапалы халық. Қомақты тендерді ұтса да, теңге төлегісі келмейтін фирма басшыларын екі офисінен де таппадық. Қаладағы жауапты органдардан жарытып жауап ала алмаған жұмысшылардың ендігі үміті тек Қарасай аудандық сотында.   


 

Новости партнеров