Алматыда аттестация тапсырған мемлекеттік қызметкерлердің 43-і лауазымына сай болмай шықты. Сондықтан оларды төмендету туралы ұсыныс білдірілген. Тіпті, 26 шенеунік лауазымды орынтағын босатып үлгеріпті. Шаһардағы мемлекеттік қызметкерлердің соңғы легі сынақты қорытындылады. Арнайы құрылған комиссияның ақпаратына сүйенсек, қала бойынша 1 ақпаннан бастап бүгінге дейін 3347 адам сынақтан өткен. Ал, 1300 қызметкер белгілі себептермен аттестациядан босатылған. Сынақ нәтижесіне сай, бірқатар шенеунік лауазымынан төмендетілсе, 223 адамның керісінше қызметін жоғарылату ұсынылыпты. Соған сәйкес, 40-тан астам мемлекеттік қызметкердің бағы жанып, жаңа лауазымға ие болған.
«Жалпы көрсеткіш жақсы деп айта аламыз. Себебі, әрбір қызметтің сапасына бағасы түскен арыз-шағымдардың санына байланысты, олардың өзінің дәлелін тапқанына байланысты. Қазіргі таңда Алматы қаласында осы 3000-нан астам аттестаттаудан өткен қызметшілердің аттестаттау нәтижесіне наразы болған 3 адамның ғана арызы біздің департаментке келіп түсті», - деді Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Марат ДОСЫМБЕК.