Ұлттық банк еліміздегі банк секторын жақсарту үшін 500 миллиардтан астам қаржы бөлмек. Қаржы орталықтарының тұрақтылығын арттыруға байланысты жаңа бағдарламаға меншіктік капиталы 45 млрд теңге болатын 15 банк қатыса алады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдеді. Оның айтуынша, банк секторының тұрақтылығын арттыруға байланысты бағдарлама бірнеше кезеңдерден тұрмақ. Бірі - еліміздегі ірі жүйе құраушы банктердің қаржылық орнықтылығын арттыру, яғни бұған жақында Халық банкіне Казкоммерцбанктің акцияларының өтуі мысал бола алады. Ал келесі кезеңдерде еліміздегі ірі банктерді қолдау ұлттық банктың қаржысы арқылы жасалмақ. Бас банк қаржы орталықтарына қайтарымды жүйедегі қаржылай көмек көрсетеді. Алайда бағдарламаға ену үшін банк тарапынан ерікті түрде ұсыныс болу керек. Сондай-ақ Ұлттық банк еліміздегі банктерде жиі бұзылатын заңнамаларды қадағалап, ретке келтірмек.
«Бағдарламаға ену үшін банктың капиталы 45 млрд теңге болуы керек және шетел банкімен еншілес банкі болмауы тиіс. Қазір мұндай критерийге 15 банктер кіріп отыр. Бірақ банктің бағдарлама арқылы жұмыс істеуі жан-жақты қаралады, яғни банктың акциялары мен қаржылық қабілеттілігіне аса мән беріледі»,- деді Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасының орынбасары, Олег СМОЛЯКОВ.
«Ресми мәліметтерге сәйкес, еліміздегі төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздың көлемі 11 пайыздан асқан. Несиелік проблемалар көбіне еліміздегі экономикалық өсімнің төмендеуімен, валюта бағамының тұрақсыздығымен байланыстырылып отыр. Демек бұл мәселелер банктердің капиталына айтарлықтай қысым көрсетіп отыр, яғни экономиканы дамытуда қолбайлау болып тұр. Сондықтан, біз банктерге көмек ретінде аталмыш бағдарламаны қолдануды жоспарлап отырмыз»,- деді Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі банктерді қадағалау департаментінің директоры, Олжас ҚИЗАТОВ.