Еліміздің біраз өңірінде өзендер арнасынан тасып, су деңгейі қайта көтерілуі ықтимал. Оған ауа райының жылынуы басты себеп болмақ. «Қазгидромет» орталығының мәліметінше, температураның жоғарылауы салдарынан Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды мен Павлодар облыстарының біраз өңірі су астында қалуы әбден мүмкін.
Табиғаттың тосын мінез танытуы тоқтар емес. Өткен жылы еліміздің біраз өңірін жалмап өткен қызыл су биылда күшіне мінген сынды. Соңғы мәліметке көз жүгіртсек, еліміздің біршама өңіріне ауа райының жылынуына байланысты қайта қауіп төнбек. Демек, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды мен Павлодар облыстарын қызыл су басып қалу қаупі сейілмей тұр. Өйткені, осыдан біраз уақыт бұрын еріген қар суы біраз елді әбігерге салған. Ал шығыстағы жұртты әлі де титықтатып жатыр.
«Ағымдағы келесі аптадағы ауа райы температурасының жоғарылауына байланысты Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында қардың еруі процесі жүріп, жергілікті су ағындарының пайда болуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстандағы апаттық жағдайдың орын алуы әлі де жалғасуда. Жаңбыр жауып, су деңгейі көтерілуі мүмкін», - деді «Қазгидромет» РМК гидрология департаментінің директоры Дидар ЖӘНІБЕКҰЛЫ.
Шынында да, Шығыс Қазақстан облысында орын алған жағдай 30 жылдан бері болмаған жәйт, деді өңір басшысы. Жауған қар мөлшері мен жауын-шашын көлемі су деңгейінің асуына алып келді. Жұрттың біразы баспана, қора-қопса мен дүние мүлкінен айырылды. Осы тұста Даниал Ахметов жедел топ құрып, арнайы брифингте өткізді. Тексеру барысында жалпы аймақ бойынша алғашқы кезде 600 -ден астам үйге зақым келген болатын. Осы тұста Семейдегі жағдайда назардан тыс қалмады. Шүлбі гидроэлектр стансасындағы су көлемі 3 есеге артып, аймақтағы 300-ге жуық жер үй, 3 аудан мен «Бобровка» саяжайын басып қалған. Бүгіндері 50 баспана әлі күнге дейін су астында көрінеді. Осы жағдайға орай, облыс әкімі тікұшаққа отырып, ауданды бақылап қайтты.
Әр елді-мекенді жіті електен өткізген Даниал Ахметов өз кезегінде тұрғындардың жағдайы жеке шешілетініне уәде берді. Бүгінгі таңда құрылған арнайы комиссия келген шығындар мен зардап шеккендердің санын анықтауға көшіпті.
«Қысқа уақыт ішінде арнайы комиссия келген зардап көлемін анықтайды. Арнайы жобалаушы компаниялар келген шығын көлемін төлейді, болмаса, үйді қайта жөндеуден өткізеді. Егер қайта қалыпқа келмесе, онда соған сай пәтер беру мәселесін қарастырамыз», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Айта кетейік, Семей қаласының жергілікті билік өкілдері қауіпті сейілту мақсатында Ертіс өзенін мұздан аршу үшін бірнеше жарылыс жасаған болатын. Ауа райының жылуына орай, Қостанай облысы да дайындық шараларын күшейтіпті. Бұл жерде керісінше, әрбір тұрғынға хабарласып, өзенде мұзды жару жұмыстары қолға алынғаны ескертіліпті. Демек, ең қауіпті «Қарасу» өзені маңында жұмыс қызу басталған.
«Біз құзырлы органдардың көмегімен жан-жағына қоршау жасадық. Жергілікті халықты құлақтандырдық. Тіпті, жеке хабарластық. Бұдан бөлек, дабыл қызметі жұмыс атқаруда. Адамдар қауіпсіз аймаққа көшірілді», - деді «Қарасу» ауданының әкімі Виктор ИОНЕНКО.
Айта кетейік, 2017 жылы болған су тасқыны салдарынан осы «Қарасу» ауданына қатты соққы келген болатын. Бүгіннің өзінде Қостанай облысында 16 жуық елді-мекен қауіпті аймақта тұрған көрінеді. Тасқыннан зардап келмес үшін жергілікті билік барынша сақтану шараларын жасап жатыр. Ағымдағы жылы су құбырлары мен басқа да жұмыстарға облыс бойынша 100 млн теңге жұмсалған. Оның ішіне облыс пен аудан деңгейіндегі жолдар кіреді.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан