Алматыда мыңға жуық ескі үй сүріледі

31.07.2017 в 15:53

Алматыда мыңға жуық ескі үй сүріліп, он мыңдай отбасы жаңа қонысқа көшіріледі. Қазірдің өзінде 8 жоба бекітіліп, тұрғындармен келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал ескі үйлер өзіне тиісті шаршы метрге лайықталып бағаланбақ. Яғни, пәтердің нақты аумағы өлшеніп, соған сәйкес жаңа баспана ұсынылады. Жаңадан салынатын тұрғын үйлер заманға сай жабдықталады. Егер пәтер иесі өзі тұрған жерде қалғысы келмесе, онда қаланың өзге аудандарындағы үйлерді таңдауына мүмкіндігі бар.

«Қазіргі тұрып жатқардары 2 бөлмелісі- 44 квадрат или 1 комнаталы үйлер бар он сегіз квадрат. Соларға біз деген, мысалы 1 бөлмеге 36 квадрат береміз. 2 бөлмеге 56-60 квадратқа дейін береміз. Сөйтіп жоба қарастырылып жатыр. Бөлмеге бөлме ауыстырамыз»,- деді «Қала әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директоры, Асқар МАПАЕВ.

Ескі үйлерді сүру қаланың «Тұрғын үй жаңғырту» бағдарламасы аясында іске аспақ. Қазір жоба тұжырымдамасы толық дайын, енді қала мәслихатында бекітілуі керек. Жобаның басым бөлігі мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлік арқылы жүзеге асырылады. Ал тартылатын инвестиция көлемі 400 млрд теңгені құрап отыр. Ескі үйлерді сүру 2012 жылдан бері пилотты жоба ретінде енгізілген болатын. Бүгінге дейін 51 үй салынып, мың жарымға жуық отбасы жаңа баспанаға көшірілген.