Алматыдағы үйлердің қабырғалары жаңа кескіндемелермен көмкерілуде

01.08.2017 15:38

Алматы жаңа кескіндемелермен көмкерілуде. Екі аптадан бері алыс-жақын шетелден келген және қазақстандық стрит-арт шеберлері көпшілікті өнерлерімен тәнті етіп жатыр. Ерекше өнер иелерінің қиялына ерік беретін бұл фестиваль өткен жылы бастау алған Мұралы фестивалінің жалғасы. Суретшілердің осы жылғы туындыларымен әріптесім Перизат Көмекбайқызы танысып қайтты.

Бірнеше түрлі түсті бояу мен қабырға. Мұхит Дулу қағаз бетіне түсірген бейнесін үйдің қапталына салмақ. Бейнелеу өнеріне қызығушылығы бала кезінен басталған. Ал, стрит-артпен шұғылданып жүргеніне аса көп болмапты. Бұлай сурет салу ол үшін жәй ермек емес. «Өз ойымды білдіруге зор мүмкіндік беретін өнер»,-дейді.

«Бейнелеу өнерімен 10 жастан шындап кірістім. Суретті қағаз бетіне түсіру қабырғада бейнелеуден әлдеқайда жеңіл. Себебі, қабырғаға салу үшін кранды басқаратын адамға тәуелді боласың. Бірақ, көше бойында өз туындыңды қалдыру үлкен мәртебе»,- деді Суретші, Мұхит ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛІ-АҚАНАЙ.

Мұхиттан бөлек, қала тұрғындары шетелден келген райтерлердің еңбектерімен таныса алады. Осы уақытқа дейін 5 шебер өз туындысын бейнелеп үлгерген.

Фестивальға қатысушылардың арасында ең ірі жұмыс Украинадан келген суретшіге тиесілі екен. Андрей Пальваль үй қабырғасына бейне салу үшін 70 литр бояу пайдаланыпты. Туындыны толық аяқтау үшін 8 күн уақыт жұмсаған.

Өз еңбегінде қылқалам шебері бүркітші мен сұңқарды бейнелепті. Мұнда осы екі бейнені салуы кездейсоқ емес. Себебі, өнер иесі адамдардың портреті мен құстарды салғанды құп көреді екен. Бұдан бөлек фестивальге 5 мемлекеттің суретшілері қатысуда.

«Қазір 5 тұрғын үйдің қабырғасы бейнемен көмкерілген. Енді алдағы уақытта тағы 3 жерге сурет салынады. Біз қаланың барлық ауданын қамтуға тырыстық. Жаңа туынды үшін қабырға бөлуге қала әкімдігі көмек көрсетуде. Суретшілерді қажетті құрал-жабдықпен қамтуға кәсіпкерлер ат салысуда»,- деді «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қорының директоры, Мөлдір БЕКЖАН.

Мұралы фестивалі осымен 2 рет ұйымдастырылуда. Шара аясында барлығы 9 суретшінің жұмысын көруге болады. Олардың арасында Ресей, Қазақстан, Украина мен Англиядан келген атақты шеберлер бар.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы