Түркия тау туризмін дамытып жатыр. Теңіз жағажайы арқылы аты шыққан ел енді, экстремалды демалыстың қарқынын күшейтпек.
Тарихи орындармен қатар, ну орманды жабайы табиғат аясына да адамдарды молынан тартудың жолдары қарастырылып жатыр.
Табиғатының әсемдігімен ерекше жаратылған жерлердің бірі – Хормо шатқалы. Қос құзды құлама жартастың шыңырауында сарқырап өзен ағып жатса, қияда жүздеген жылдық ағаштар өзінің әсемдігімен таңғалдырады. Экстремалды тау туризимін де қолға алып жатқан туріктер қия жартастың қабырғасына бекіту арқылы жол салып жатыр.
«Пынарбашы аймағында осы Хормо шатқалынан басқа, ұзындығы 12 шақырымдық Валла шатқалы тағы бар. Сарқырама, үңгір жартастар, шатқал сынды әсем жерлер өте көп. Қазірше бұл жақты тек Түркияның ішкі тұрғындары ғана біледі», – деді Пынарбашы әкімінің кеңесшісі (Түркия) Өзгір САНДЫҚ.
Екі жартастың ортасына салынып жатқан аспалы жолмен туристер үш жарым шақырымдай жүріп, сарқырамадан бір-ақ шығады. Костомону провинциясының билігі құздың түбімен, су арқылы да экстемалды экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Түркияға Тунис мемлекетінен келдік. Мына жердің табиғаты өте әсем, керемет. Таза ауа, сарқыраған өзен. Көре бергің келеді», – дейді Тунис елінен келген турист Саида ЗЕМЗЕМИ.
Әлемге әу баста теңіз жағажайы арқылы танылған Түркия тау туризімінен бөлек тарихи орындарға да адам тартуды жоспарлап отыр. Осман империясы мен Ататүрік заманынан қалған ауылды мекендер сол қалпы сақталған. Ірі қалалардан алыс жатқандықтан, әзірге мұндай өңірлерге тек ішкі тұрғындар ғана келіп жатыр. Келушілердің қауіпсіздігіне әр аумақтың жергілікті сақшылары да қосылады.
«Гастрономиялық туризм, табиғи туризм, спорт және денсаулық, сонымен қатар жағажай-теңіз туризмін қатар алып жүру жоспарымызда бар. Өткен жылы Қазақстаннан Түркияға 450 мың турист сапарлаған. Биыл бұл көрсеткішті 500 мыңға жеткіземіз деген жоспар бар», – деді Түркия Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Таныту департаменті директорының орынбасары Айдын ДЖЕНИЗ.
Былтыр Анталия, Алания, Бодрум, Стамбул сынды оншақты қаласы арқылы Түркия 32 миллион турист тартып, 36 миллиард доллар пайда тауыпты. Қолжетімді баға, қолайлы қыдырыс, қауіпсіз өмір, сапалы қызметті қатты қадағалайтын Түркия биыл туристер санын 38-40 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр.
Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы, Түркия