Алматы облысында тауда жоғалған жеткіншек төрт күннен бері іздестіріліп жатыр

Алматы облысында тауда жоғалған жеткіншек төрт күннен бері іздестіріліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында жеті жасар жеткіншек төрт күннен бері іздестіріліп жатыр. Шұғыл-іздестіру шарасына төтеншеліктерден бөлек, құзырлы органның жүзге жуық қызметкері жұмылдырылған.

14-ші шілде күні 5 баладан құрылған топ Алматы облысы Ынтымақ ауылының маңайындағы жайлауға шыққан. Алайда, араққа сылқия тойып алған бейтаныс азамат балалардың киіз үйде түстеніп отырған жеріне қолына пышақ ұстап кіріп, қорқытқан көрінеді. Мұндай жауыздықты көрмеген жеті жастағы бала зәре-құты қашып, алды-артына қарамай, беті ауған жаққа жүгіре жөнелген. Содан бері Алматыдан ауылға жазғы демалыс уақытын өткізуге барған баланы табу мүмкін болмай жатыр.

«Осы жерге қыдырып келген. Атқа мініп жайлауға мініп қайтамыз деп жайлауға барған. Аман есен жеткен. Сол жерде қазақ үйде тамақ ішіп отырған жерде, осы ауылдың бір масы барған. Аты Асқар дейді. Түрін көрмедік. Сол айқалап, қолына пышақ ұстап кірген ішке, содан қорыққан балалар жан-жаққа қашқан. 14-і күні кешкі сағат 7-де орын алған. Содан бері жоқ», – деді жоғалған баланың нағашы ағасы Маханбетжан ШАЛАБАЕВ.

Төтеншеліктер таулы мекенде іздестіру шараларын жүргізу оңайға соқпай жатқанын айтады. Оған қоса, қурайлардың биік болуы да, кедергі келтіруде. Ал үш тәулік бойы нөсерлеткен жауынның салдарынан, техниканың да жүріп-тұруы қиындаған. Іздестірушілер дамыл таппай тау кезгенімен, қазірше еш нәтиже болмай тұр.

«Ешқандай нәтиже жоқ. Тек бір ғана ІІ бөлімінің мәліметі бойынша, бір аяқ киім, красовка табылған болатын. Іздестіруге кинологтар қосылғанымен, сонда да ешқандай нәтиже бермей жатыр. Ауа райы кедергі болуда. 3 күннен бері күні-түні қатты жаңбыр нөсерлеп жауып, ауа температурасы төмендейді. Күндіз техниканың өзі қиналып өтіп жатыр», – деп түсіндірді Алматы облысы Жамбыл ауданының ТЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек ЖАНАЕВ.

Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров