Алматыда жеке үй құрылысына рұқсат алу жеңілдеді

Алматыда жеке үй құрылысына рұқсат алу жеңілдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жеке үйлерді салу жеңілдетілді. Енді баспана иесі бұрынғыдай құзыретті орындардың табалдырығын тоздырып, құшақ-құшақ қағаз тасымайды.

Алматы қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Бағдат Мәнізоровтың айтуынша, 6 шілдеден бастап құрылыс жүргізуге қажетті рұқсаттарды алу жүйесі жеңілдетілді. Бұған дейін техникалық, авторық қадағалау көмегіне, сәулетші жұмысына миллиондаған қаражат кеткен екен.

«Жекеменшік үй салу үшін адам алдымен қалалық архитектурадан рұқсат алады, оның эскиздік жобасы содан кейін сараптамадан өтеді. Оны авторлық техқадағалау дейміз, сонымен келісім-шартқа отыратын. Қазір өте жақсы жеңілдік жасалып отыр. Әлгіндей әуре-сарсаңның бәрі тоқтатылды. Тек сәулет басқармасынан архитектуралық-жоспарлық тапрсырма алады», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Бағдат МӘНЗОРОВ.

Бірақ барлық жауапкершілікті жеке тұрғын үй иесі арқалайды. Бұл жеңілдіктер жер үй мен екі қабатты баспаналарға арналған. Ал екі қабаттан көп үй салынатын болса, үйреншікті жолмен рұқсат алу шарт. Өйткені Алматы қаласы сейсмологиялық қауіпті аймақта орналасқан.

Жалпы қала бойынша қазір 1 608 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 405-і бюджет есебінен салынса, қалғаны жеке қаражат есебінен бой көтеруде. Жыл басынан бері жүргізілген тексеріс нәтижесінде 65 заңсыз құрылыс анықталған. Тиісті жұмыс аяқталған соң бұл нысандар сүріледі. Ал құрылыс нормаларын сақтамағандарға жыл басынан бері 91 миллион 100 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір төмен.

Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров