«Дакар» ралли-марафонына қатысқан отандастарымыз елге оралды

19.01.2017 16:47

«Дакар» ралли-марафонына қатысқан отандастарымыз елге оралды. «Астана» Президенттік клубының құрамындағы «Астана Мотоспортс» тобы  әлемнің ең беделді және қауіпті марафондарына қатысып, ел намысын қорғап жүр. Биылғы жарысқа жүк және жеңіл көлікті екі экипаж аттанған екен. Екі аптаға созылған ралли Парагвай, Боливия мен Аргентина аймағында өтіп, бәйгеде бақ сынағандар 10 мың км қашықтықты бағындырыпты.  Қойылған талаптар мен кедергілерге қарамай «Астана» тобының жүк экипажы 29-шы орынға жайғасса,  жеңіл экипаж 29-шы болып «Дакар» марафонын аяқтады.  

«Бұл жарыста ескерер тұстар өте көп болды. Көлік дөңгелегі тайып кетіп, жоғарғы жылдамдықпен бұрылыстардан өту өте қауіпті көрінді. Ең бастысы көлікті мәреге бас-аяғы аман жеткізу», - деді «Astana motosports» тобының капитаны Артур АРДАВИЧУС.

Отыз тоғызыншы рет өткізілген «Дакарда» техниканың 316 бірлігі, 146 мотоцикл, 50 жүк көлігі мен 37 квадроциклдер тіркеліпті. Биылғы жарысқа әлемнің 59 елінен 491 қатысушы күреске түскен екен.

«Біздің навигациямыз күрделі болды. Өйткені біз екі рет тұрып қалдық. Ұйымдастырушылар жарысты өте жылдам болады деп ойлаған болуы керек, құм біз ойлағаннан аздау болды. Бірақ Дакардың аты Дакар, біз бәріне дайын болдық», - деді «Astana motosports» тобының пилоты Денис БЕРЕЗОВСКИЙ.