Қазақстанның сыртқы қарызы биыл 168 млрд долларды құрады. Оның ішінде елімізде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың берешегі жоғары көрінеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Сенат отырсында мәлімдеді. Одан бөлек, жоғарғы палата депутаттары «әкімдерді сайлау жүйесіне» қатысты заң жобасын төменгі палатаға қайтарғаны белгілі болды.
Жоғарғы палата депутаттары бүгін саяси- әлеуметтік маңызы зор бірнеше құжаттарды іріктеуден өткізді. Мәжілісте мақұлданып, қолдарына түскен кейбір заң жобасына біраз сын айтты. Конституциялық заңда аудандық, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жүйесі бірқатар шендінің көңілінен шықпады. Тіпті,бұрынғы таңдау реті қалсын деген пікір айтылды. Осы орайда, құжатты төменгі палатаға қайта жіберді. Мәжіліс депутаттары енді сенаторлардың ұсынысын қарастырулары қажет. Егер екі жақ ортақ шешімге келмейтін болса, онда қос палатаның депутаттарынан тұратын арнайы комиссия құрылады.
«Қатысып отырғандар 45 депутат, жақтағандар 45. Шешім қабылданды. Конституциялық заң жобасына сенат енгізген түзетулер мәжіліске жіберіледі. Енді сайлау мәселелері бойынша түзтулер енгізу туралы ілеспе заң жобасын қабылдау жөнінде сенат қаулысын дауысқа қоям»,-деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенат қабырғасында өткен жиын барысында халық қалаулылары, жер сілкінісінен үйді сақтандыру жүйесін қозғады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың сөзінше, бұл мәселе өткен жылдары да көтерілген. Бірақ шенділер өзара нақты шешімге келе алмапты. Дегенмен Бас банкир бұл сұрақты қайта қаузайтынын айтты.
«Өкінішке қарай, бұл сұрақ өткен жылдары шешімін таппады. Қазақстанға енгізуге тұрарлық сырт елдің озық үлгісі жоқ. Қиындықтың бір жағы, қазақ жерінің кеңдігінде, табиғи апаттың түрлі жағдайда көрініс табуы, әділетті тарифтерді белгілеуге мүмкіндік бермей отыр»,-деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.
Алқалы жиыннан кейін журналистер Бас банкирден теңге бағамының тұрақтылығы жайын сұрады. Мамыр айында ұлттық валюта біраз күшейген еді. Маусымда керсінше қайта әлсіреді. Бұған Ұлттық банктің еш қатысы жоқ деді төраға.
«Ішкі ахуал мамыр айында жақсы болды. Өйткені, ұлттық валютаға деген сұраныс артты. Салық аптасы болды. Барлығы долларды сатты. Ал, маусымда ішкі нарықта теріс жағдай орын алды. Өздерініз көріп отырсыздар, жақсы дамыған нарықтан қаржы сыртқа кетіп жатыр. Ресей нарығында рубль әлсіреді. Бұған қоса, Федералдық қор жүйесі өз мөлшерлемесін көтерді. Бұл долларлық активтердің тартымдылығын күшейтті»,-деді ҚР ұлттық банк төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.
Данияр Ақышев еліміздің сыртқы қарызында атап кетті. Ресми мәлімет бойынша, жыл басында Қазақстанның шетелге қарызы 168 млрд долларды құраған. Оның ішінде, мұнай-газ саласында жұмыс атқаратын шетелдік компаниялар қарызы 62 пайызды құрайды. Бұдан бөлек мемлекеттік сектор борышы -8, мемлекет қарамағындағы мекемелер -16, жеке орта қарызы 14 пайызға жеткен. Соңғы үш жылдағы көрсеткіш бойынша, Қазақстанның берешегі 10 млрд долларға өскен.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, Алматы телеарнасы, Астанадан.