Қала күні: Алматыда кілем көрме-жәрмеңкесі ашылды

Қала күні: Алматыда кілем көрме-жәрмеңкесі ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда елімізде өндірілген кілемдердің көрмесі ашылды. Ерекше жәрмеңке қаладағы Панфилов көшесінің бойында өтіп жатыр. Көрмеге Шымкенттің ірі кілем фабрикасы өз өнімдерін алып келген. Келушілер назарына жібектен тоқылған 40 шақты картина ұсынылыпты. Онда Алматы мен Астананың айшықты жерлері бейнеленген.

Эксклюзивті дизайнмен жасалған кілемшелер қатарынан танымал тұлғалардың бейнесін де байқауға болады. Сапалы өнімдер шетел фабрикалары шығарған кілемдерден еш кем түспейді. Бұған қоса, ұйымдастырушылар Түркия, Бельгия, Иран елдерінде жасалған кілемдерді өндіруші бағасымен сатпақ.

«Портреттерден басқаның барлығын сатуға ұсынып отырмыз. Бұл жерде кілемнің түрлері өте көп. Осы жерде өзіміздің дүкендеріміз бар. Солармен бірге күнде жаңаларын алып келуге, күнделікті ауыстырып тұруға, жаңа үлгілерін көрсетіп отыруға тырысамыз. Өйткені, көрсететін кілем бізде өте көп. Фабрикамызда 260 адам жұмыс істейді. Жылына 5 млн шаршы метр кілем шығарамыз. 16 қыркүйекке дейін кілемдерді күнделікті ауыстырып, жаңаларын көрсетіп отырамыз», – дейді Кілем фабрикасының атқарушы директоры Қуан ЫСҚАҚОВ.

Ұйымдастырушылар жәрмеңке аяқталғанша мыңнан астам кілем түрлерін сатпақшы. Ал эксклюзивті картина түрінде тоқылған кілемшелерге сұраныс туындаса, оларды да саудаға шығармақ.

Айта кетсек, Кілем фабрикасының құрылғанына 5 жылға жуықтаған. Соның өзінде компания өзіне тән бренд қалыптастырып үлгеріпті. Тіпті, жібек кілемдерін Германия, Англия, Ресей және Франция сынды бірқатар елдерге экспортқа да шығарып отыр. Кілем тоқуда тек отандық табиғи өнімдерді қолданатын фабриканың тауарлары бүгінгі көрмеге келушілерді де тәнті етті.

Кілем көрмесі Қала күні қарсаңында ашылды. Келішулер үшін жәрмеңке 16 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.

«Қолыма қазір ғана зейнетақымды алып, осы жермен келе жатыр едім, ерекше көрмеге тап болдым. Көздің жауын алар керемет кілемдер бар екен. Бағасы да базар бағасынан әлдеқайда арзан, қолжетімді екен. Бірден немерелеріме кілемшелер сатып алдым. Мұндай көрмені жиі ұйымдастырса екен. Біз сияқты үйінен алысқа шыға алмайтын қарттарға ыңғайлы болар еді», – дейді Ирина КЛИМЕНКО.


Новости партнеров