|
24.08.2018 | 20:11
5955

Қоғам қайраткерлері «Қазақфильмдегі» этноорталық құрылысын талқылады

Қоғам қайраткерлері «Қазақфильмдегі» этноорталық құрылысын талқылады

Алматының жергілікті билік өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен үлкен жиын өтті. Кездесу барысында, «Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан істер талқыға салынды. Оның ішінде, «Қазақфильм» киностудиясы игере алмай, жергілікті әкімдікке қайтарылған жерге салынатын Этноленд кешенінің келбеті бүге-шігесіне дейін сарапқа салынды.

Екі сағаттан астам уақыт өткен жиында жергілікті билік өкілдері мен қоғамның зиялы қауымы Алматының ажарын айшықтайтын нысандарды сөз етті. Қала келбетін кілтипансыз кейіпке келтіріп, оны әрі қарай көркейтудің тәсілдері түсіндірілді. Әуелі Райымбек баба кесенесі қайта жөндеуден өтіп, сол  аумақта қазақтың батырлық, әулиелік дәстүрінен сыр шертетін мұражай салынбақ. Ал Боралдай сақ қорғанының айналасында мәдени орталғын құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Розыбакиев көшесінің бойынан Сақ мәдениетінен сыр шертетін бір жарым гектарға жуық алқап анықталған. Оны да сакралды орындар қатарына енгізіп ғана қоймай, қайта жаңғыртудан өткізбек.

Сонымен қатар, Қазақфильм киностудиясының аумағындағы бос жатқан жерге Этноленд салу жоспарланған. Кешенде түрлі фестивальдер ұйымдастырылып, көрмелер көрсетілмек. Онда келушілер көшпенді халықтың байырғы тарихымен және бай мәдениетімен етене танысатын болады. Ал, мұнда фильм түсіріп, шығармашылықпен айналысамын деген өнер адамдарына еш шектеу жоқ.

«Бірқатар шараларды, бірқатар жобаларды ойластырғанбыз. Қазір олардың көпшілігінің жері бөлінді, эскизі белгіленді. Кейбіреуінің жобалық сметалық құжаттары жасалынып жатыр. Олар «Рухани жаңғырудың» аясындағы сакралдық белдеулер нысанына кіреді», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

Жиында біраздан бері көптің талқысына түскен «Қазақфильм» киностудиясының аумағындағы жер мәселесі қозғалды. Зиялы қауым мәселенің ақ-қарасына көздері анық жетіп, өз ойларын ортаға салды. Айта кетейік, «Қазақфильм» киностудиясына жер телімі 2007 жылдан бастап 49 жылға жалға берілген. Алайда, оның 5 жарым гектары игерілмегендіктен, жергілікті билік мемлекет меншігіне қайтарып алған.  

«Бұл жердің бәрін арам шөп басып жатыр. Ішінің бәрі қоқыс. Оның бәрін киностудия не істейді? Егер киностудияның бұған дейін істеген басшылары немесе қазіргі басшылары ең болмағанда, ақша сұрап, «мынаны солай етейік, ананы олай етейік» деп ұсыныстар тастап жатса, кім қарсы болар еді?! Кім қолын қағатын еді? Басшылардан олай еткен іздеген ешкім жоқ қой», – деп пікір білдірді ҚР халық әртісі, актёр Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ.

Бос қалған аумаққа кешен тұрғызуды әу баста «Қазақфильм» басшылығы өздері ұсынған. Алайда, бұл аумақ кинотүсірілімдер жасауға ыңғайсыздық танытады деген сала мамандарының пікірлеріне қарамай, оларға әкімдік қолдау білдірген.  

«Ол жоба киностудия шығармашылығына еш кедергі келтірмейді,сарапшылар бұл аумақта автомагистраль өтетіндіктен ешқандай түсірілім жасауға келмейді деген еді», – дейді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ержан ЕРКІНБАЕВ.

Жергілікті билік өкілдері өнер адамдарының бұл ұсынысын жерге қалдырмай, «Қазақфильм» ұсынған жобаны да қараған. Бірақ оны режиссерлер мен әртістер, қоғам қайраткерлері мен сәулетшілер, тіпті жазушылар да қатты сынға алды.

«Орыстың қорған орнатқандай неше түрлі кремльдерін еске салатын сүрет екен, негізі. Орыстың ескі қалаларындағы қаңқасы бізге керек емес. Мынау санаға қонбайтын нәрсе, біріншіден, бұған миллиардтар кетеді, қазақтың ешқандай ұлттық белгілері жоқ», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан ОРАЗАЛИН.

Қара шаңырақ – «Қазақфильмге» жалға берілген 16,5 гектар жердің игерілмей жатқан 5 жарым гектарын жергілікті әкімдіктің қайтарғаны оң шешім болған десті жиналғандар бірауыздан. Қоқыстан көз ашпай отырған аумақтың 3 жарым гектарына енді жергілікті биілк Этноленд кешенін салуға кіріспек. Ал 1,5 гектары автотұраққа арналмақ. Ұлттық құндылықты дәріптейтін орталықтың болатыны қуантады дейді қоғам қайраткерлері.  

«Президенттің тапсырмасы бар. Келісіліп жатқан үлкен жобалар бар. Осының негізінде алматылықтар, Алматының қонақтары баратын ойын-сауық кешені, оның ішінде қазақтың тарихы, көне көз тарихын ашатын жұртқа көрсететін әлемдік дәрежеде үлкен кешендердің құрылуы көңілге қонымды», – деді саясаттанушы Айдос САРЫМ.  

Қазір жеке меншікке қайтарылған 5 жарым гектар жердің аумағында «Томирис» фильмі түсіріліп жатыр. Қала билігі өз тарапынан киногерлердің шаруасына кедергі келтірмей, керісінше, қолғабыс етуде.

«Қазақфильм киностудиясы үшін жаңа жобаның пайдасы тимесе, еш зияны жоқ. Біз өзіміз түсілімдерді Қазақфильмнің төңірегінде түсіреміз. Қазір түсіріліп жатқан фильмге қала әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Меніңше, Этноленд бастамасы аясында киномұражайы салынса, құба-құп болар еді. Онда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұялмай апаратын бірден-бір тарихи орын болмақ», – деді продюсер Ернар ҚҰРМАШОВ.  

Тоқетері, түсірілім тәмамдалмағанша, әкімдік тарапы этноорталықтың құрылысы қазірше кідіре тұрмақ. Бірақ фильм аяқталған соң жаңа жобаның құрылысына білек сыбана кірісетіндерін жетікізді.

Айта кету керек, қала басшылығы аталған аумақта кез келген киностудияның түсірілімдеріне қолдау көрсетіп, барлығымен ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын.  


Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир