Жамбыл облысының тұрғындары жарыққа жарымай отыр. 200-ге тарта шаңырақтың жарықсыз отырғандарына 6-7 жылдың жүзі болған. Сапасыз, әрі жоспарсыз тартылған сымдар жиі үзілетіндіктен қарызға алған қымбат тұрмыстық техникаларда істен шығып жатыр. Асадағы ағайын 20 шақырым айналып келетін желіні аудан орталығының өзіне қосса, бұндай бейберекетсіздік болмас еді, дейді. Бірақ бұқараның базынасын тыңдауға жергілікті биліктің құлқы жоқ.
Әкімдіктен әбден күдер үзген халықтың шыдамы бүгін таусылғандай. Аса ауылындағы Сейфуллин, Уәлиханов, Қонаев сынды алыптардың атын алған көше тұмшаланып қалған. Самсап тұрған бағаналар 200-ге тарта түтінге де, көшеге де жарық сәулесін шаша алмай отыр. Күтпеген жерден жалп етіп өшетін жарық баршаны әбден мезі қылған.
«7-8 жыл болды, кішкентай жел болса өшіп қалады. Таңертең алтыда өшіп қалған. Орталық көшелерде осылай», - деді Ахмет ӨТЕПОВ.
Ауыл тұрғындары ақшасын ай сайын төлеп отырған соң сапалы қызмет көрсетілсе, дейді. Қанша жылдан бері қатталған бұл жағдай биліктергілерге бесенеден белгілі. Ауыл адамдары жарықтың жиі сөнуін 50 метрде жердегі аудан орталығынан емес, 20 шақырымдағы көрші ауылдардан келуінен деп санайды. Ел ішінде отырып, елеусіз қалдық дегендер өркениеттен тыс қалуға мәжбүр. Қуат көзінің болмауынан балалар сабақтарын білте шамға телміріп оқиды.
Тұрғындардың шағымынан әкімдік өкілдері хабардар екенін жеткізді. Соққан желдің зардабы желіге зақым келтіргендіктен, уақытша жөндеу жұмысына өшірдік,- дейді.
«Кешегі дауылдың салдарыннан жарық өшті. Қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауданның ГРЭС-мен сөйлестім. Басқа жерде де жарық жоқ. Бұндай жағдайдың қайталанбауын қадағалаймыз», - деді Жамбыл облысы Аса ауылдық округі әкімінің орынбасары Ертай БОЗЫМБЕКОВ.
Дегенмен, 200-ге тарта шаңырақтың жарық желісі тікелей аудан орталығына қашан қосыларын жауаптылар дөп басып айта алмады. Атқамінерлер көпшілікке тек күтуге кеңес берді. Онсызда он жылға тарта күңіреніп келген бұқаранының көңілін, бұл жауап та жұбата алмады.