Жамбылда Қытай торларымен балық аулау тыйылмай тұр. Бұл заңға қайшы әрекеттер облыстық балық шаруашылығы мамандарының ұйымдастырған рейді барысында анықталған. Бас - аяғы 8 шақырымнан асатын Қытайдың торы тәркіленіп, тәртіп бұзушылар жауапқа тартылды.
Қытайдың балық аулау торлары жалғыз Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуропалық Одақ елдерінде тыйым салынған. Балық шаруашылық бөлімінің мамандары ұйымдастырған кезекті тексеріс кезінде Қытайдың торымен балық аулаған ер азамат ұсталды.
Мамандардың сөзінше, осы тектес торларды көбіне браконьерлер қолданады екен. Тіпті таяуда ғана заңсыз әрекеттері әшкере болған бірнеше су айдындарын пайдаланушылар да жауапқа тартылыпты.
«Соңғы айда Шу өзені, Талас арнасы, Шу арнасы, Аса өзенінің бойында көптеген балықшылар шығып, мұз еруіне байланысты қазір Қытай торын құруда. Қазіргі уақытта Қытай торы қылмыстық іс болып саналады», - деді Жамбыл облысы «Орман шаруашылығы» аумақтық испекциясының бас маманы Дәурен ТАСТАНБЕКОВ.
Биыл балық шаруашылығына қарасты мекеменің қызметкерлері 32 рейд ұйымдастырып, нәтижесінде 38 хаттама толтырған. Бұл жедел іс-шараларды өткізудегі мақсат - облыстағы балық көлемін қалпына келтіріп, қорды ұлғайту, дейді мамандар.
Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы Жамбыл облысынан