|
16.11.2016 | 11:38
4059

«Алматы-1» темір жол вокзалында мүгедектерге мүмкіндік жасалмаған

«Алматы-1» темір жол вокзалында мүгедектерге мүмкіндік жасалмаған

«Алматы-1» темір жол вокзалында жарым жандарға ешқандай мүмкіндік жасалмаған. Тиісті мекеме өкілдері темір жол торабындағы жағдайды бақылап қайтты. Мүгедектерді ескермеген возкал басшылығы айыппұл арқалап, олқылықтың орнын жуырда толтыруға уәде берді.

Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Іңкәрбеков әлеуметтік орындарда, оның ішінде, темір жол вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдайдың жасалмағанына наразы. Ыңғайлы қатынас құралымен өзге өңірлерге сапар шегу үшін ол қасына көмекшісін ертіп жүруге мәжбүр. Вокзалға кіргеннен бастап, анықтама бюросы, касса, қоғамдық тамақтану орны мен әжетханада, тіпті пойызға отыру үшін арнайы құрылғылар мүлдем қойылмаған.

«Алматы-1» темір жол вокзалында қоғамдық тамақтану орны 2-ші қабатта орналасқан. Оған мүмкіндігі шектеулі жандар барып тамақтану үшін қосымша екінші адамның көмегіне жүгінуге тура келеді. Себебі, мына баспалдақтармен көтерілу олар үшін мүмкін емес.

Кембағалдардың жағдайын ескермей, тіпті мүмкіндігі шектеулі адамдардың барына көз жұма қараған вокзал басшылығы рейдтен кейін барлығын жасаймыз деп уәде берді. Бірақ қыруар қаражат керек деген бас инженер қажетті құрылғыны бірден орнатуға шамамыз келмейді дегендей болды. Бірақ бұл мүгедектерге мүмкіндік жасау өтініші емес, заң! Енді вокзал әкімшілігі аталған заңды қашан орындайтыны назарда болмақ.

«Осы ескертулер бойынша жұмыс жасаймыз. Осыған дейін біршама жұмыстар атқарылған. Ескертулердің көбісіне көлемді қаражат талап етеді. Мысалға айтатын болсақ, екінші қабатқа көтерілуге арнайы қондырғылар орнату керек деген сияқты. Перрондағы 520 метрге тактильді тақтайшаны орнатудың өзіне көп қаражат кетеді. Бөлім-бөліммен жұмыс істейміз. Қолымыздан келгенше жасаймыз», - деді «Алматы-1» темір жол вокзалының бас инженері Бекболат АҚПАНОВ.

Әкімшілік кодекске сәйкес мекемеге қомақты айыппұл салынды. Мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы олқылықтардың жақында жойылатынына сенім білдірді. Өйткені, кемшіліктердің орны толытырылмаса, айыппұл көлемі де өсе бермек.

«Әкімшілік кодекс бойынша, осы ғимаратты ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделмегені үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу хақы бар. Қайталанса, заң бойынша 600 айлық есептік көрсеткіш болады. Енді мен ойлаймын, бұл ғимараттың басшылары қайта-қайта айыппұл алмайтын шығар», - деді мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы Әли АМАНБАЕВ.

Қазақстан Республикасының «Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Заңы көбіне ескерусіз қалады дейді Әли Аманбаев. Сөз болып отырған әлеуметтік нысандардағы жарымжан адамдарға арналған құралдарды пайдалануда, оны техникалық тексеру кезінде мүгедек жандар атынан арнайы өкіл қатысуы керек дейді. Өйткені ненің қолайлы, ненің қолайсыз екендігін дәл мүгедек жандардың өзіндей ешкім тап басып айта алмасы анық.

Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир