Наурызбай ауданының тұрғыны аудан шенділеріне қапалы

12.01.2017 15:18

Тас өткелді - талқандап кетті. Наурызбай ауданының тұрғыны аудан шенділеріне қапалы. Атйуынша, былтыр әкімдіктен келген жұмысшылар үйінің алдында тұрған арық жүйесін қазып, ізінше бетон өткелді бұзып кеткен. Сүлесоқ істің зардабын енді тұрғынның өзі тартып отыр. Қардың еруінен әлгі арық суы тасып, жиналған лай үйді шайып кетуге шақ қалыпты. Зәрезап күйде жүрген тұрғынмен Назкен Байтілес тілдесіп қайтты.


Зейнет жасындағы Әділ Қожабаевты таудан аққан Қарғалы өзені әбден әбігерге салған. Былтыр көктемде арнасынан асқан су, есік алдын шайып кеткен екен. Сол сәтте қария аудан әкімдігіне жүгініп, үйінің алдына арық қазғызған. Өткелді де жаңасына ауыстырыпты. Алайда, қалың түскен қардың кесірінен ол орын опырылыпты. Салдарынан өзен суы үйдің ауласына бірте жайылуға шақ тұр.


«Қазір мына су ағып жатыр, біз Каргалинканың суын қайттан бұра алмаймыз. Көктемде, наурызда жасаймыз дейді. Енді мына жерде не машина, не скорая өте алмайды. Мынаның бәрі құлап жатыр, көріп тұрсыздар өздеріңіз. Жағдай осы. Мен өзім екінші топ мүгедекпін»,- деді Зейнеткер, Әділ ҚОЖАБАЕВ.


Жауаптылар бұл жайттан құлақдар. Бірақ, түйткілді шешуге асықпапты. Ал, қария қапыда қызыл суға тап болудан қорқады. Сондықтан, әкімдік көмегіне күнде жүгінеді. Аудан шенділері мәселені созбақтамай, осы айдың соңына дейін опырылған орынды қалыпқа келтіруге уәде берді.                                     


«Мына өзен арналарындағы судың деңгейінің көбеюіне байланысты ол кісінің құбырларының  алдын кішкене шайған. Сол себепті енді қайтадан толықтай қалпына келтіріп беруді сұрап отыр. Аталған орынға шығып біз көрдік. Бұл жұмыстарды осы ағымдағы жылдың қаңтар айының соңына дейін қалпына келтіріп береміз»,-деді Наурызбай ауданы әкім аппаратының көріктендіру бөлімі басшысы, Асылхан ОРЫНБЕКОВ.

 

Былтыр Наурызбай ауданында 8 көшеге 8 шақырым арық орнатылыпты. Енді биыл 16 көшеге 19 шақырым арық қойылады деп жоспарланып отыр.


Назкен Байтілес, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы