Алматының Наурызбай ауданында жұрт бірнеше жылдан бері жол азабын тартуда

Алматының Наурызбай ауданында жұрт бірнеше жылдан бері жол азабын тартуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданында бірнеше жылдан бері батпақ кешіп жүрген жұрт жол азабын тартып отыр. Балақтан балшық кешкен жұртшылық арнамыздың уатс-ап нөміріне хабарласып, мұң-назын білдірген-ді.

2002 жылдан бері қоныстана бастаған Қарақұлов көшесі осы уақытқа дейін жөндеу көрмеген. Тек 2011 жылы тұрғындар өз қаражаты есебінен мұнда асфальт төсетіпті. Ал қазір дәл осындай 3 көше шылқып жатыр.

Мектепке баратын оқушылардың да, жұмысқа шығатын үлкендердің де жүрер жолы осы. Тұрғындардың сөзінше, осыдан екі жыл бұрын кәріз жүргізу үшін жолды қазып тастаған. Ал одан кейін қопарылған жол сол қалпында қалыпты.

Шұрық-тесік жолда автокөлік жүргізушілеріне де қатынау қиын. Бірі балшыққа батып қалып жатса, енді бірі шұңқырлардан жүрудің қиындығын айтты.  Тұрғындар жол сұрап, жан-жаққа арыз да жазған. Бірақ жауапты тұлғалар осы уақытқа дейін өтінішімізді орындамады, - дейді.

«Кәріз жүйесі 2015 жылы қосылады деген. Кейіннен 2016 жылы іске қосылады деді. 2016 жылдың аяғында көрші көшені жауып тастады. Қоғамдық көлік, барлық көлік нөпірі біздің көше арқылы қатынай бастады. Соның салдарынан жолымыз осындай күйге жетті», - деді Алматы қаласының тұрғыны Игорь НИКОЛЬШИН.

Көшеде арық жүйесі де жоқ. Сондықтан еріген қар мен толассыз жауған жауын суы тұрғындардың үйіне ағады.  

«Үйдің жағдайы өте қиын болып тұр. Ішіндегі ламинаттың барлығы көтерілді. Үйден көгерген иіс шығады. Заттар да көгеріп жатыр. Сондықтан көшеде тәртіп болмаса, құритын болдық. Үй деген құлайды», - деді Алматы қаласының тұрғыны Бақыт ШЫНТЕМІРОВА.

Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары көшені жөндеу жұмысын жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы есебінен іске асырылатынын жеткізді.

«Барлық Қалақаман ықшамауданындағы 72 көшеде кәріз жүйесі мен суды тарту жұмысы жазда толығымен аяқталады. Суды жүргізуге байланысты келісімшарт мамыр айында жасалады», - деді Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Дәурен ЖАНДЫБАЕВ.

Жалпы Қалқаман ықшамауданындағы 72 көшеде 2014 жылдан бері су және кәріз желілерін тарту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Осы уақытта жұмыстың 95 пайызы аяқталған.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров