Алматыда 7 айға созылған құрылыстан мез болған халық бас көтерді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Бағанашыл ықшамауданының тұрғындары көшеде жүргізіліп жатқан құрылыстың созылып кеткеніне наразы. Жоғары вольтті электр сымдарын жүргізу үшін жол 7 ай бұрын қазылыпты. Мердігер компания жұмысты маусым айында аяқтауы тиіс болған. Жүріп-тұруы мұңға айналған жұрт көмек сұрап арнамыздың WhatsApp нөміріне хабарласқан еді. 

Бағанашыл ықшамауданындағы Солнечная көшесіндегі бұл аумақ сәуір айында қазылған. Көшеде жоғары вольтті электр сымдары тартылуда. Осы арқылы қосалқы станцияға салынатын салмақ жеңілдетілмек.  

«Бұл стратегиялық жоба өте маңызды. Себебі, қаланың 30 пайызына дейін электр қуатын беріп отырған. Сондықтан, өте маңызды қосалқы станция», - деді  Алматы қаласы бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет ӘЛІПБЕКОВ.

Бұл көшеде 50-ден аса үй бар. Жол тар болғандықтан, құрылыс кейбір үйдің қоршауына дейін жақындаған. Көлікті былай қойғанда, адамның жүріп-тұруы қиындай түскен. Галина Кузнецова жүктіліктің сегізінші айында. Баласын мектепке апару үшін келіншек бұл тар жолмен күнде өтуге мәжбүр.

«Жақында көршіміз сырқаттанып жедел жәрдем қызметін шақыртты. Дәрігерлер мына аумақпен өте алмай біраз әбігерге түсті. Босанатын уақытым жақындап қалды», - деді қала тұрғын Галина КУЗНЕЦОВА.

Құрылыс жұмысы маусым айында аяқталуы тиіс болған. Алайда, мердігер компания жоспардан кешіккен. Сондықтан оларға айыппұл салынып, мердігер компанияны жалдаған мекеме қазір құрылысты өз мойындарына алған.

«Мерзімінен кешіккен мекемемен келісімшартты бұздық. Мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысамыз. Кері жағдайда сот көмегіне жүгінеміз. Бұған дейін құрылысты жүргізген компанияны жұмыстан босаттық. Енді оны аяқтау үшін өзіміздің қызметкерлерді жұмылдырудамыз. Сондықтан жұмыс кешеуілдеп қалды», - деді  Мердігер компания өкілі Закир АЗНАБАКИЕВ.

Жалпы Бағанашыл ықшамауданында мұндай жұмыс тағы 3 көшеде жүргізілуде. Барлығында да жағдай ұқсас. Созбалаңға түскен құрылыстан әбден мезі болған. Тұрғындарға жол жүру бағытын өзгертулеріне тура келген. Ал, алдағы уақытта жауын жауса, шұңқырға түсіп кетеміз бе деп алаңдауда жиналған жұрт.

«Бүгін телевидение келеді дегеннен кейін таңертен шұңқырды қоршай бастады. Өйткені қауіпті болған. Себебі мынадай лентамен байлаулы тұрды. Анау жерде көпірді көрдіңіздер ма? Жан-жағында ұстайтын ағашы жоқ. Қалтылдаған қарттар құласа, кім жауап береді», - деді Жақсыбек ҮСЕНБЕКОВ.

«Балалар, немерелер сабаққа барады. Мына жерде оқуға баратын кішкентай балалар көп. Олар түсіп кетсе қайтеміз? Бұл жерден құлап жатқандар аз емес. Мен өзім де құлағанмын. Қазір де мына жерден тағы біреу тайғанап  түсіп кетуі мүмкін», - деді Роза ҮСЕНБЕКОВА.

7 айға созылған құрылыстан мезі болған жұрт Бостандық ауданы әкімдігіне базынасын жеткізген. Аудан мамандары бұл жайттан хабардар екен.

«Аудан тұрғындарының өтініштері мен шағымдарына байланысты мемлекеттік сәулет құрылысын бақылау басқармасы тапсырыс беруші «Алатау жарық» компаниясымен мердігер мекемені біріктіріп, аудан әкімінің аппаратымен бірнеше рет жиналыстар өткізілген болатын. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының шағымдарының негізінде мемлекеттік сәулет құрылысы басқармасына біздің тарапымыздан хаттар жолданып, мемлекеттік сәулет құрылысы басқармасы тарапынан айыппұлдар салынып мердігер компанияға шара қолданылған», - деді Алматы қаласы бостандық ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет ӘЛІПБЕКОВ.

Құрылысты өз қолдарына алған мекеме жұмысты 3 аптада аяқтауға уәде берді. Қазылған жол жиегі жабылып, тұрғындардың өз қаржыларына төсеткен асфальтті де қалпына келтірмек.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров