Әйгерім-2 ықшамауданының тұрғындары аяқсыз қалған істің зардабын тартып отыр. 8 айдан бері халық батпақтан көз ашпаған. Кәріз бен су құбырларын жүргіземіз деген аудан басшылығы жер-жерді қазып, керім көшенің кейпін кетіріпті. Салдарынан адам аяғы баса алмас, көлік жүрсе батып қалатын, сұрықсыз жолға айналған. Мердігер компанияға айыппұл салынған соң ғана, жауаптылар көшені қайта ретке келтіреміз деп сендірді.
5 немеренің атасы Мәлік аға күні бойы көшедегі ашық қалған құбыр есіктерінің аузын осылай жабумен өткізеді. Себебі ол ойын балалары мен жаяу жүргіншілерінің абайсызда апанға түсіп кетуінен қорқады. Кәріз бен су құбырын жүргіземіз деген компаниия жердің «ми-батпағын» бірақ шығарған.
«Өзіміз тас төгіп жасаған жолымызды қайтарып берсін. Бізбен ақылдаспай келіп, қазып-қазып, нервтен нерв қалмады, міне бала-шаға мектепке бара алмайды. Қонақ келсе үйден етік кигізіп, көшеге шығарып саламыз. Сол өмір ма? Ауылда әке-шешемнің үйі бар. Үйінде бәрі бар. Көшедегі асфальт есіктің алдына келіп тұр, ауылда. Ал мынау Алматының іші ма, орталығы ма? Осылай болса білмейм мен», - деді Әйгерім-2 ықшамауданының тұрғыны Мәлік ЧЕЖИНБАЕВ.
Алатау ауданына қарайтын Әйгерім-2 ықшамауданындағы Балбұлақ көшесіне кәріз және су құбырларын жүргізу жұмыстары өткен жылдың күзінде басталған екен. Ал тұрғындар 8 айдан бері тірсектен балшық кешіп отыр.
Мердігер компания жұмысты жетер жеріне жеткізбеген. Тіпті жол жөндеуге қаржы жетпейтінін де айтқан көрінеді.
«Мердігер келіп, қазір бізде жолға құм төсейтіндей сонша қаржы жоқ деді. Есімі кім екені есімде емес, бірақ осы тұрған кісілердің бәрі куә, ол өзі маған келіп, 10 камаз құм әкелем, ал өздерің 20 камазға ақша жинаңдар деп айтты. Сонда тағы да халық қиналуы керек пе? Онсыз да бірнеше рет өзіміз жиналып, жолымызды жасағанбыз. Енді келіп көшенің шырқын бұзып, тағы өзімізге жасатпақшы. Халықтың қайта-қайта төлеуге шамасы жоқ қой», - деді Әйгерім-2 ықшамауданының тұрғыны Хабиба ТАИРОВА.
1-ші және 2-ші Әйгерім ықшамаудандарын орталықтандырылған ауыз су және кәріз жүйесімен қамтуға жалпы көлемі 640 миллион теңге бөлініпті. Ал аудан әкімдігі мердігер мекеменің міндетін толық атқармағаны үшін айыппұл салыпты.
«Қазіргі таңда 5 көшенің жұмыстары аяқталды. Оның ішінде Балбұлақ көшесі бар. Аталған мекемеге өзінің жұмыстарын қалыпты деңгейде жүргізбегені үшін аудан әкімшілігі тарапынан 2 рет айыппұл салынып, шаралар қолданылды. Бұл 20 АЕК ретінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, «Комстроймонтаж» ЖШС-нен кепілдеме хат алынды. Атап айтқанда, Балбұлақ және Текес көшелерін бастапқы қалпына келтіру жөнінде. Тас төсеп, көліктің, адамның жүруіне қолайлы жағдай жасау бойынша», - деді Алматы қаласы Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ертіс БЕСІРОВ.
Әйгерімдік әлеумет тас жол төсемесе де, тым болмаса, шиыршық құм жайып берсе екен деп сұранып отыр. Тас жол демекші, ауданға асфальт салу жұмыстары бұл жылы іске аспайтын секілді. Себебі құбырларды қазу жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс. Ал Балбұлақ көшесінің кейпін 5 сәуірге дейін қалпына келтіріп береміз деп уәде берді, атқамінерлер.
Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарна