Медеу ауданының тұрғындары үйлері құлап кете ме деп қорқып отыр

Медеу ауданының тұрғындары үйлері құлап кете ме деп қорқып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тап осы Медеу ауданының өзге тұрғындары үйлерінің құлап кетуінен қорқып, дабыл қағып жатыр. Борқылдақ жерде орналасқан оншақты үйдің айналасы бара-бара үгітіліп жатқан көрінеді. Жұрт жерлері желіне, үйдің іргесіне жетсе қайтеміз деп зәрезап. Бұл түйіткіл былтыр көктемде белгілі болған. Аймаққа жауапты мекемелер де хабардар екен. Алайда жылға жуықтаса да оңалған шаруа жоқ.

Мына үйде 5 баланың анасы Мира Тілегенова 20 жылдан бері тұрып келеді. Былтыр көктемгі толассыз жауған жаңбыр салдарынан жер жібіп, жартысы төменде орналасқан көршісінің үйіне жапырылып құлап түсіпті. Абырой болғанда, үйі орнында тұр әзірге. Ал опырылған орында бұрын Мираның моншасы мен кішігірім сарайы болған көрінеді.

«Мына жерге дейін бақша егетінмін мен. Мына жерде монша, дәретхана болды. Оның арғы жағында жүретін жерлеріміз болды. Енді жайлап-жайлап ағып-ағып, былтыр ағып кетті түгелімен. Таңертең жетіде тұрдық, сегіз-тоғызда жоқ мына жердің бәрі кетіп қалған ары қарай ағып», - деді қала тұрғыны Мира ТІЛЕГЕНОВА.

Медеу ауданына қарайтын Лисаковский көшесінде дәл осындай апатты жағдайда тұрған әлі оншақты үй бар. Тұрғындар қолдарынан келгенше жырылған жерлерді жамап әлек. Бірі темір арматуралармен, бірі цемент құйып бекітіп жатыр. Бірақ бұл әрекеттер қатты жауын жауғанда түк болмай қалатын көрінеді. Қайткенмен арнайы техника мен бекіту күштерін қажет ететіні көрініп-ақ тұр.

«Енді өзіміз шамамыз жеткенше үйіміздің жан-жағын бекітіп жатырмыз. Басқа амалымыз қалмады. Әкімшіліктен бірнеше рет келді, қарады. Бірақ бір жапырақ қағаз береді де кетеді. Жасап береміз деп жүргендеріне екі жыл болды», - деді қала тұрғыны Светлана ЦАРЕВА.

Бір қарағанда өзіңді мында тау арасында жүргендей сезінесің. Алайда бұл қаланың қақ ортасы. Мына үй мен жардың арасы небәрі бір метрден асар-аспас. Ал тұрғындар қауіптің қашан келерін білмей, үйлерін күні-түні күзетуден әбден шаршаған.

Медеу және Жетісу ауданын мына кіші Алматы өзені бөліп тұр. Өзеннің арғы беті Жетісу ауданына тиесілі. Ол ауданның тұрғындарында да бұл мәселе өзекті. Алайда мұндағы үйлерге онша қауіп төніп тұрған жоқ. Себебі жартас жиегіндегі үйлерге дер кезінде тор жәшікті габиондар бектілген екен.

«Қазір біз тиісті басқармалардың шешімін күтіп отырмыз, қаржы басқармасында құжаттар қарасытырлып жатыр, төтенше жағдайлар департаментінде қарастырылып жатыр. Олар шешім бергеннен кейін бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда аталған аумақта бекіту жұмыстары жүргізілетіндігін айтамыз», - деді Медеу ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Ұлан АБДУЛДАЕВ.

Медеуліктердің мәселесін жағалылар биыл күзге дейін шешіміз деп сендірді. Олардың сөзінше, 400 метрге дейін жерге бекіністер орнатылмақ.

Назкен Байтілес, Валерии Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров