Алматыдағы "Мамыр-1" ықшам ауданындағы үйлердің жертөлесін су басқан

Алматыдағы "Мамыр-1" ықшам ауданындағы үйлердің жертөлесін су басқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы "Мамыр-1" ықшам ауданындағы үйлердің жертөлесін су басқан. Ашынған жұрт нөсер жауса болды, белуардан су кешеміз деп ашынады. Олар қолданысқа осыдан 2 жыл бұрын берілген тұрғын үй - сапасыз салынған деп отыр. Жеделсатылары жиі істен шығып, қабырғадағы сылақтары үгітіліп жатыр екен. Ал, аудан жауаптылары бұл мәселеден хабардар. Шикілік жуырда жойылады деп сендіреді.

Он жеті қабаттан тұратын бұл тұрғын үйдің сырт келбеті көздің жауын алады. Ал, жертөлесіне түссең қабырғалары үгітіліп, едендерін су басып жатыр. 2015 жылы  қолжетімді баспана бағдарламасы бойынша үлестіріліп берілген үйге  көпшіліктің көңілі толмайды. 

«Қазір далада жауын жоқ. Бірақ, біздің жертөлемізден су тамшылап тұр. Көпшіліктің ойынша, жоғарыдағы арықтардың суы келіп осында ағады деген болжам бар. Бесобадағы жағдай қайталанып жүруі әбден мүмкін. Себебі, фундаменттің бәрі үгітілуде»,- деді Қала тұрғыны, Жұлдыз МАҚПҰНОВА.

Гүлжайхан Байғазықызы 11 жылдан бері баспаналы болсам деп армандаған. Алайда, көптен күткен арманы орындалғанымен, тұрғын үйдегі шикілікке көз жұмып қарауға болмайды деп отыр. 

«Мен өзім он бір жыл бойы бұл үйді күткен едім. Алайда кешіктіріліп екі жылдан кейін бізге берді. Бүгінде төбемізден су ағады, жер төлені өздеріңізде көрдіңіздер. Бұған көз жұмып қарауға болмайды. Заң бойынша екі лифт жұмыс істеу керек еді, алайда бірақ лифтіміз жұмыс жасап тұр»,- деді Қала тұрғыны, Гүлжайхан БАЙҒАЗЫҚЫЗЫ. 

Ал, пәтер иелері кооперативінің төрағасы мердігерлерді айыптап отыр. Ол баспананы тұрғызған компания салғырттық тантты деуде.         

«Бұл үйлерді жөнге келтіру үшін біраз уақыт кетеді.  Оны жауапты құрылыс мекемесі де растаған еді. Олар барлық істі екі-үш жылда толық жөндейміз деп уәде берген. Алайда, уақыт өтті, ештеңе жасалған жоқ. Меніңше тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жұмысты атқару керек»,- деді ПИК төрағасы, Әділбек ОРАЗБАЕВ. 

Ал, жергілікті билік ашуға булыққан тұрғындардың  мәселесінен хабардар. Тіпті, жертөлені су басып жатқанын  жақында барып көрдік дейді. Сондықтан, бір айда бұл түйіткілді шешуге ықпалдасамыз деп сендірді.  

«Мердігер компания Алматы горстрой, тапсырыс беруші Алматы қаласы құрылыс басқармасы өзара келісімге келіп гидроизоляция жұмыстарын жүргізу керек. Біздің тарапымыздан ұсыныстар түскен. Егер солар жасалған жағдайда жертөлені су баспайды. Бір айдың ішінде барлық жұмыстар жүргізіледі»,- деді Әуезов ауданы Коммуналдық шаруашалық бөлім басшысы, Жарас ЖАХАНБАЕВ. 

Бүгінде "Мамыр-1"  ықшам ауданында бой көтерген көп қабатты үйлерде екі мыңға жуық тұрғын тұрады. Алайда, екі жылдан бері жертөлелерін көктеммен күз айларында тобықтан келетін су басады. Тұрғындар шешімі табылмай жатқан мәселеміз бір жақты болмаса мердігер компанияны сотқа береміз деп отыр.



Новости партнеров