|
28.03.2017 | 10:52
10104

Панфилов ауылының тұрғындары көгілдір отыннан тарығып отыр

Панфилов ауылының тұрғындары көгілдір отыннан тарығып отыр

Қара суықта қалтыраумен болдық. Панфилов ауылының тұрғындары көгілдір отыннан тарығып отыр. Олар қыс бойы жағарға зат таппай, тіпті күнара ашыққандарын айтады. Одан қалды, тас жолдың жоқтығы - жұртты  жұтаңдатыпты. Тұрып жатқан төрт қабатты үйлері - тастанды тамға айналған. Салдарынан, үй ішін қазір кеміргіштер кезіп жүр. Өркениеттен ада қалған ағайынның арызын Нұрсейіт Жылқышыбай тыңдап келді.          

Екатирина Северинаның көрер күні осы қазір. Тұрып жатқан үйінде егеуқұйрықтар өріп жүр. Бөлменің бұрыш-бұрышын жайлапты. Одан қалды, жылудан да ада олар. Тұрғындар төрт қабатты тұрғын үй тұрғызылғалы бері - көгілдір отын көрмепті. Ауыл әкімдігі базынасы бар бұқараны жылда құрғақ уәдемен қатырып келген. Бірақ, шыдамы таусылды ағайынның.                                                                       

«Мен осы төрт қабатты тұрғын үйде тұрамын. Қысымен көмір жағып шығамыз. Әкімдіктен көмек жоқ. Өзім көп балалы анамын. Жалпы, бізге де биліктегілер көздерінің қырымен қараса деймін»,- деді Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылының тұрғыны, Азиза ШӘРБАЕВА.

«Шындығын айтқанда мына жерге біз қыстың қамын ойлап кероссинмен жылытатын пеш қойдық. Әрине, бұл өмірімізге қауіпті. Амал қанша, енді біз қашанғы көгілдір отынды күтіп отырамыз. Бізге керегі - жұрт құсап өмір сүру»,- деді Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылының тұрғыны, Екатерина СЕВЕРИНА.

Газдың жоқтығынан үйлерінде керосин жаққан жұрт - жандарын шүберекке түюмен жүр. Өйткені, қауіпті үйде алда-жалда жарылыс болмасына ешкім кепілдік бермейді. Қабырғасы қақыраған осы үйде қазір 50-ге жуық адам тұрады. Араларында газ балонымен талғажауға тамақ дайындайтындары бар. Сорақысы сол - жергілікті билік бұл бассыздықты біледі. Бірақ, білек сыбануға асығар емес.                   

«Ол жердің тұрғындары КСКА сайлау керек. Газ әрбір үйге жүргізілмейді ортақ болады. Сондықтан, КСКА сайлап олардың жұмысын белгілі адам жүргізу керек. Оларға ешкім жасап бермейді. Газдары қастарында тұр. Тек солай жасауларына болады»,- деді Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары, Сәуле МЫҚТЫБАЕВА. 

Ауыл басшылары өздеріне шаң жуытар емес. Қордаланған жайтты - жұтаң жұрттың өзі шешсін деп, жайбарақат жүр. Ал, ашынған ағайын - елді мекен әкімінен қайыр болмаса, аудан, тіпті облыс басшысына дейін барып, мұңдарын айтуға тас-түйін дайын отыр.               

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир