Астана маңындағы Қажымұқан ауылының тұрғындары су мен жол азабын тартуда

Астана маңындағы Қажымұқан ауылының тұрғындары су мен жол азабын тартуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысына қарасты Қажымұқан ауылының тұрғындары көп жылдық мәселелерін шеше алмай келеді. Біріншіден, ауылда күнделікті жүретін жолдың жөні аянышты. Одан қалды, тоқ жағдайы мазалайды. Бұл аз десеңіз, мектепте оқушыларға орын жетпейді, олар үш маусымда оқуға мәжбүр. Ал жергілікті билік әркез мәселенің барлығын білеміз, шешеміз деп, қысқа қайырады.

Қажымұқан ауылынан Астанаға дейін 30 шақырым. 21 ғасырда Елорданың маңындағы ауылда жол жоқ болуы күлкілі, дейді жергілікті тұрғындар. Шынымен де, қажымұқандықтарды қалаға дейін тартылған жолмен тоғыстыратын бағыт адам түгілі, көліктерге ауыр тиетін сияқты. Ал жауын-шашын жауған күндері біразы жол жиегінен сырғып кетеді екен.

«Үлкендеу машинам бар еді жұмысқа баратын. Мына жерге екі күн түнедім. Тайып түсіп кетіп. Алдың күні шығардым, сүйреп. Одан кеше тағы түсіп кетіп, таңертең шығардым. Жауын-жаңбыр жауса осылай болып қалады», - деді Талапхан АДАЙХАН.

Ауылдың мәселесі әбден қордаланып қалған. Тілшілерге келгенде проблемасын тізбектеген тұрғындары жарық сөнгенде, судың да тоқтап қалатынын алға тартты.

«Жарық үкіметтікі ғой. Дұрыс қой? Егер жарық үкіметікі болса, өшірген кезде, су жоқ, оны да тоқтады. Жарық сағат алтыға дейін істейді кешкі. Кешкі алтыдан кейін су келмейді. Сол мәселелерді неге шешпейсіздер деп бардым. Сізді таба алмадым тағы да», - деді Асхат ӘШІМОВ.

Бұл мәселелерден ауылдық округтың әкімі де хабардар екен. Оларды біртіндеп шешіп келеміз, деді. Келер жылы осында 12 шақырым жол жөнделеді дегенді де қоса кетті.

«Жуырда ғана тағайындалдым. Бірақ мәселелерді ауылдың түбіндегі білем. Аралап шығып, көріп жатырмыз. Енді келесі жылға жоспарлануы шаруы бойымен мына жол мәселесі, жарық мәселесі болсын, су мәселесі болсын, бәрі де жоспарланып жатыр. Келесі жылдан қазір жобаға кірді», - деді Ақмола облысы Талапкер селолық округінің әкімі Орынбай ҚАСЫМОВ.

Ауыл мектебінде де алаңдататын жағдайлар баршылық. Ондағы оқушылар кабинет пен дәлізге сыймаймыз, дейді. Сондықтан үш ауысымда оқуға мәжбүр.  

«Біздің мектеп кішкентай. Мысалға, көп сыныптарда кішкентай балалардың өзі сабақта қиналып, бір-бірінің қолын қағып, жазулары қисық-қисық қылып түсіреді. Көбінесе сондай жағдайлар болады. Бір партада үш баладан отырады. Біздің мектеп кішкентай. Дәліздің өзінде соғылып жүреміз», - деді Мүбәрәк ДӘУРЕН.

Жергілікті білім басқармасының басшысы бұл ыңғайсыздықтар келер жылы жойылады, дейді. Өйткені, мекенде жаңа мектеп салу жоспарда бар.

«2003 жылы  Қажымұқан ауылында 100 орындық мектеп салынған болатын. Бүгінгі күні Қажымұқан Астана іргесінде орналасқандықтан, халықтың көп көшіп келуіне байланысты, күрт бала саны өсуде. Соған байланысты мектепте үш ауысымды, 392 бала оқып жатыр. Әкімшілік тарапынан бүгінгі күнде 300 орындық мектеп жобасы әзірленуде. 2018 жылы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін қаражат бөлініп, 300 орындық мектеп салынады», - деді Ақмола облысы Целиноград ауданы білім басқармасының басшысы Қанат АХМЕТОВ.

Шұғыл шешетін мәселердің бірі - балалардың мектепке жету мәселесі. Қыста аяз ұрғанда жол жоқ болғандықтан, білім ордасынан алыс орналасқан үйдегі балақайлар қиналады екен. Бірақ басқарма басшысы заң бойынша балаларды таситын көлікті тек мектеп ауылдық жерден алыстығы 3 шақырым болса ғана бере аламыз дегенді айтты.

Нұржан Сәдірбай, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров