Мәжілісте Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев депутаттарға Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жаңа заң жобасының соңғы нұсқасын таныстырды. Түзетулерді депуттаттар алғашқы оқылымда мақұлдады. Өзгеріс үш саланы қамтыған және 12 заң мен 4 кодекске толықтырулар енгізілді. Алғашқысы БАҚ өкілдеріне тиесілі болып отыр. Яғни,аталмыш салада әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту үшін, шағын құқықбұзушылыққа жол берілсе газеттің таралымын тәркілеу мен БАҚ қызметін тоқтату жазалары алынып тасталмақ. Сонымен қатар, журналистердің ақпарат шынайылығына көз жеткізуі тиіс. Егер, шындыққа жанаспаса, БАҚ құралдарымен байланыс ұстайтын өкілетті тұлғаға да жауапкершілік артылады. Демек мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы тікелей журналистердің сауалдарына жауап беру жағдайына байланысты болмақ. Жиын барысында депутаттар, ресми жауапты «15 күнге созу» ақпараттың ескіруіне алып келетінін ескеріп, сауалға жауап мерзімін қысқартуды ұсынды.
«Біз ол мәселені қарастырып жатырмыз. Бұл Үкіметте қарастырылуда. Жұмыс тобында қарастырдық. Қысқартамыз деп айтуға толық мүмкіндігіміз бар. Біз журналистер егерде ресми бағдарламада, ресми хабарлама болып жатқан кезде 3 күнде емес, 2 күнге қысқарттық. Ал 15 күн дегеніміз сапалы түрде жауап беру. Біз ресми өкіл дегенді енгізіп жатырмыз. Ол кісі сондай жауап беруге жауапты болады. Сіздер кімнен сұрап білу керектігін білетін боласыздар»,- деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі, Дәурен АБАЕВ.
Айта кетер жәйт, Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің енді зорлық-зомбылық, болмаса өзге де жағдайдан зардап шеккен баланың жеке басына қатысты ақпаратты, суретті жариялауына шектеу қойылады. Әрі, журналистердің қай жағдайда ел азаматтарының суретін жариялауға мүмкіндіктері бар екені белгілі болды.
«Қазіргі заң бойынша сіздер іс-шараға қатысып отырған кез-келген адамнан рұқсат алуларыңыз тиіс. Біз керісінше осы нормаларды сіздерге түсіндірдік. Әрі, енді егер тұлға халық алдында шығып жүрсе, танымал болса одан рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Оның суретін болмаса, бейнесін емін-еркін көрсете аласыздар»,- деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі, Дәурен АБАЕВ.