Шымкентте белгісіз дерт бойын дендеген 10 жастағы қыз ауыр жағдайда жатыр

10.02.2018 01:35

Шымкенттік Лаура Сағатованың жағдайы ауыр хәлде. Қазір 10 жасар қыздың салмағы небәрі 11 келі. Ал дәрігерлер болса Лаураның нақты диагнозын әлі күнге дейін анықтай алмай отыр. Сондықтан тиісті ем көрсетілмей, ол төсек тартып жатып қалған. Белгісіз дерт бойын дендеген қыз осыған дейін астаналық ақ халаттыларға қаралыпты. Тек олар да Лаураның сырқатын нақты анықтай алмаған. Ата-ананың ендігі үміті Оңтүстік Кореяда ем алу. Қыздың анасы Айнагүл Елтаеваның жан айқайын еріктілер Мәжіліс депутаты, Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиеваға жеткізген.

«Лаураның жағдайы жүрегімді ауыртты. Өйткені, дәл осындай қиын жәйт отбасымыздың басынан өткен. Ұлым қатты ауырып, қиындықпен бетпе-бет келдік. Зағипа Яхянқызы Қазақстанда балалар мәселесін жиі қозғап жүргендіктен, сол кісіге жағдайды айтып көрмек болып, хат жолдадым. Себебі, Денсаулық сақтау ведомствасынан еш нәтиже болмай тұр», - деді ерікті Анаргүл ӘМІРОВА.