Жолаушылар автобустың қандай жылдамдықпен жүргенін біліп отырады – ИДМ

25.08.2018 21:26

Әрбір жолаушы халықаралық және облысаралық тасымалда жүрген автобустар туралы толық мәлімет біле алады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Сәбитов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолаушылар тасымалы саласы өте маңызды. Бұл салада Көлік комитетінің құзыретіне халықаралық және облысаралық тасымалдар кіреді. Яғни, бұл автобустар қалалардың ішіндегі автостансадан өткендіктен, жолаушылар автобустардың қай жерде келе жатқанын, автобус маркасы мен оның жүргізушісі жөнінде, жылдамдық көрсеткіші туралы біле алады. Осы орайда, қажетті нормаларды заңнамаға енгіздік. Бұл ретте тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз», – деді комитет өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, тасымалдаушылар өздерінің автобустарын аталған жүйемен және қажетті құрылғылармен жабдықтауға міндетті.

«Осы құрылғылардан алынған мәліметтерді біздің ахуалдық орталық пен мониторинг жүйемізге беруі қажет. Сондықтан цифрлық бағдарлама аясында осы жұмыстарды іске асырудамыз. Сәйкесінше, жылдың соңына дейін бұл жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді Дәурен Сәбитов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Дәурен Сәбитов биыл қыркүйекте Қазақстандағы үш жол учаскесінде ақылы жүйе тестілік режимде іске қосылатынын мәлім етті.