Жұмбақ оқиға: Алматыда біреулер жігітті көлікпен қағып, арықа тастап кеткен

Жұмбақ оқиға: Алматыда біреулер жігітті көлікпен қағып, арықа тастап кеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 19 жастағы жігітті қағып кеткен көлік жүргізушісі іздестіріліп жатыр. Артём Долгалёвтың туысқандары апат Төле би және Байзақов көшелерінің қиылысында болған дейді. Жігітті қағып кеткен адам қажетті көмек көрсетудің орнына оған ішімдік беріп, арыққа тастап кеткен болуы мүмкін - деген болжам бар. 

Марина Долгалёва ұлы Артёмның жанынан бір елі аттамай жүргеніне 5 күн болды. Баласының мұндай жағдайға қалай тап болғанын әлі анықтай алмай отыр. 19 жастағы жігіт 8 маусым күні ауруханаға ауыр хәлде ес-түссіз жеткізілген. Таңертең әдеттегінше жұмысына кеткен бозбала емдеу мекемесінен бірақ шығыпты.

«Ұлымның айтуынша, ол Төле би көшесінің бойымен Байзақов көшесіне жеткен жерде көлік қаққан. Ауруханаға барып есін жиған кезде жолды өтіп жатқанымда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік соқты,-деді. Ол темір тұлпар ішінен жас жігіт шыққанын ғана есіне түсірді. Ал ертесінде жабық жерде, көлік салонында отырғанын есіне түсірді»,-деді Марина ДОЛГАЛЁВА.  

Жедел жәрдем қызметі Артёмды арықтан шығарып алған. Науқас алдымен жан сақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлердің сөзінше, зардап шегушіден барлық қажетті талдама алынған. Рентген түсірілімі еш жері сынбағанын көрсетіпті. Ақ халаттылар Артёмға ми шайқалу диагнозын қойыпты. Сондай-ақ қан құрамынан жарты бөтелке алкоголь анықталғанын алға тартуда.

«Ұлымның ішімдікке әуестігі жоқ. Арақ-шарапты аузына алып көрмеген. Оның үстіне жұмысына бара жатқан кезде алкогольді ішпейді ғой? Есін жиып тамақ бергенде, жұтыну қиын екенін, оған қоса, сөйлегенде де, кеуде тұсы ауыратынын айтты. Менің ойымша, оның аузына ащы суды қинап құйған. Соның салдарынан күйік алған»,-деді Марина ДОЛГАЛЁВА.

Анасы ұлының ауруханаға жеткізілгендегі жағдайын суретке түсіріп алыпты. Қазір оны айғақ ретінде қолында ұстап жүр.

«Бет жағындағы жарақат, тісінің жұлынуы механикалық әсердің салдарынан болған. Нақты қалай жарақаттағаны белгісіз. Оны куәгерлермен анықтау керек. Жедел жәрдем қызметі де науқасқа не болғанын айта алмады. Науқастың ауру дерегінде жарақат алу себебі белгісіз деп көрсетілді»,-деді Алматы қаласы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы нейрохирургия бөлімнің меңгерушісі Виктор КРЮЧКОВ.

Марина Долгалёва оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін Алмалы ауданы ішкі істер басқармасына арыз жазған. Ұлының түрлі дене жарақатымен арыққа қалай түсіп кеткенін полиция анықтайтын болады.

«Болған оқиғаның мән-жайын бейнекамералардың көмегімен және болуы мүмкін куәгерлердің көмегімен біз оны жіті талдап, нақты айқындайтын боламыз. Болған оқиғаның қандай нақты болғанын бұл жол-көлік оқиғасы санатына жататын құбылыс па? Әлде қандай да бір бұзақылық әрекет орын алды ма? Оны біз нақтылап анықтайтын боламыз. Қазір барлық шараны Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері, жергілікті полиция басқармасына қарасты тергеу бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе атқарып жатыр»,-деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

8 маусымнан бері ауруханада жатқан Артёмның қазір жағдайы жақсарып келеді. Дәрігерлер оны ертең үйіне шығарамыз деп отыр. Дегенмен әлі толығымен қалыпқа келу үшін ұзақ ем қажет.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров