Алматы облысында аяз салдарынан бастауыш сыныптарға сабақ тоқтатылды

25.01.2018 02:40

Ауа температурасы минус 25 градустан төмен болған жағдайда алматылық бастауыш сынып оқушылары мектепке бармайды. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінде айтылды. Олар синоптиктермен тығыз байланыс орнатып, білім басқармасымен келіскен. Ал бұрын-соңды болмаған аязды алматылықтар қалай еңсеріп жатыр?

Сықырлаған аязда адам өзін қалай ұстау керек? Қандай шараларды орындау тиімді? Осы сауадарға төтенше жағдай мамандары жауап берді. Қаңтар айында тосын мінезін көрсеткен ауа райы туралы қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Тіпті кей өңірлерде сабақ кейінге шегерілді. Ал алматылық оқушылар температура -25 градустан төмендеген жағдайда ғана мектепке бармайды. Ол үшін қалалық төтенше жағдайлар департаменті білім басқармасына арнайы ұсыныста жасаған.

«Біздің тарапымыздан Алматы қаласының департаментінен Білім басқармасына хат жөнелткен еді. Ол жерде қатты суық уақытында қауіпсіздік шараларын нығайту және де егер де ықпал етіп, желдің күші күшейетін болса, сол уақытта 1,2,3,4 кіші сынып оқушыларының сабақтарын тоқтату ұсысы айтылған», - деді  Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.

Ал қала тұрғындарының аяз туралы айтары басқа. Бірі күннің суығанын айтып налыса, енді бірі әр мезгілдің өзіне сай болғаны дұрыс дегенді алға тартты.

Синоптиктердің болжауынша сарышұнақ аяз жұма, сенбі күндері аяқталады. Сондықтан төтеншеліктер демалыс күндерін үйде өткізуге кеңес береді. Ал тау бөктеріне барудан тіпті бас тартқан жөн, дейді құтқарушылар.  

«Тауда жарты километр сайын ауа температурасы төмендей береді. Күн беткейінде ол байқалмауы мүмкін. Бірақ ашық жерлерді тез үсік шалады. Аяқ астынан қар көшкіні жүре қалуы қаупі деп жоқ емес», - деді  ҚР ІІМ ТЖК диспечерлік қызмет жетекшісі Владимир ТОЛКУНОВ.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері суық ауа райында үйде өртке қарсы  ережелерін де қатаң сақтауға шақырады. Қаңтар айының өзінде көгілдір отынды дұрыс пайдаланбаған 4 жағдай тіркеліп, 14 адам уланған. Ал улы газ салдарынан жапа шеккендер саны 7-ге жетіпті.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы