|
17.11.2016 | 12:23
2143

Универсиада кезінде 8,5 тоннадан астам шоколад,вафли және печенье ұсынылады

Универсиада кезінде 8,5 тоннадан астам шоколад,вафли және печенье ұсынылады

Универсиада кезінде 8,5 тоннадан астам тәтті шоколад, вафли және печенье ұсынылады. Спорт сайысын ұйымдастыру дирекциясы тағы екі ірі компаниямен серіктестік туралы келісімшартқа қол қойды. Соның негізінде Универсиадаға танымал қазақстандық кондитер фабрикасы мен ақпараттық қауіпсіздікті қорғайтын ресейлік ірі компания демеуші болмақ.

Екіжақты келісімшарт белгілі кондитерлік компанияның бұдан былайғы шығаратын өнімдеріне Алматыда өтетін халықаралық қысқы ойындардың логотипін пайдалануға рұқсат береді. Демеушілер Универсиаданың таңбасын өздерінің белгілі шоколады мен печеньесіне енгізуді ұйғарыпты. Аталмыш кондитерлік өнімдердің 2 мың тоннасы спортшыларға ұсынылса, қалған бөлігі өзге де қонақтарға беріледі.

«Бұл өнімдерді біз спортсмендерге жарайтындай тағам деп осы өнімдерді шығарып отырмыз. Бірақ қонақтарға тек бұл өнім емес, басқа да кәмпит, печенье, вафлилер ұсынылады», - деді кондитерлік компанияның экономика және қаржы жөніндегі директоры Зәуреш ТӨЛЕУБАЕВА.

FISU талабы бойынша Универсиада кезінде спортшылар 4500 мың калорияға дейін тамақтана алады. Шетелдік делегаттар мен спортшыларды тамақтандыру орны бүгінде тас түйін дайын. Универсиада кезінде қонақтарға 5 түрлі ас мәзірі ұсынылады. Оның қатарында қазақ ұлттық тағамдары, еуропалық, шығыс, вегетериандық және халал тағамдар бар.

«Біз еріктілерді де тағаммен қамтамасыз етеміз. Қазір оларды іріктеудің ең соңғы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сайыс кезінде 3000 ерікті жұмыс жасайтын болады. Оларға біз тағамды ланч-бокс түрінде ұсынамыз немесе асханаларымыздан келіп тамақтана алады», - деді «Универсиада-2017» дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция МҚ директорының орынбасары Камила ЛҰҚПАНОВА.

Ауқымды шара кезіндегі әртүрлі кибер шабуылдар жасалуы мүмкін. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды болып табылады. Шараны ұйымдастырушылар ақпараттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында ресейлік жетекші компаниямен де келісімшартқа отырды. Олар Универсиадаға жұмылдырылатын ұялы телефон мен компьютерлерге антивирустық қорғау лицензиясын ұсынады.

«Біз өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезінеміз. Жарысқа қатысы бар барлық заттар мен оның БАҚ-та көрсетілуі тікелей компьютерлік техникаларға қатысы бар. Сондықтан біздің технологиялар мен көп жылдық тәжірибеміздің арқасында кез келген ғаламтор-шабуылдарына төтеп бере аламыз деп ойлаймыз», - деді Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету компаниясы директорының орынбасары Виталий БУГАЕВ.

Дүбірлі доданың басталуына аз ғана уақыт қалды. Универсиадаға арналып салынған ғимараттар спортшыларды қабылдауға дайын, тек ұйымдастыру жұмыстары ғана пысықталуда. Айта кетсек, сайыс келер жылдың 28 қаңтарында бастау алып, 8 ақпанға дейін жалғасады.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир