Алматыда №38 бағыттағы автобус пен жеңіл көлік соқтығысты. Жол апаты таңғы сағат 8.20-да Абай даңғылы мен Сайын көшесінің қиылысында болды. Салдарынан қоғамдық көлік пен Mercedes жарнама бағанасын қағып барып, бір-ақ тоқтаған. Әзірге жол апатына кімнің кінәлі екендігі белгісіз. Тәртіп сақшылары мән-жайды анықтауда. Зардап шеккен 10 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінсе, оның үшеуі бірден медициналық көмектен бас тартыпты. Ал қазір жеңіл көлікті тақымдаған жүргізуші №7 қалалық ауруханада ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған мидың ашық және кеуде қуысының ауыр жарақатымен келгендіктен дереу ота жасаған.
«Көлік апаты орын алған жерден бізге 4 науқас жедел жәрдеммен жеткізілді. Шамамен 9-дардан бастап. 3 науқас амбулаторлы емханаларына жолдама алды. Бір науқас қазіргі таңда ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде отадан кейін емін алып жатыр», - деді №7 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Ғазиз ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ.
Жалпы жол апатына жедел жәрдемнің 6 бригадасы аттанған. Дәрігерлердің көмегіне жүгінген қалған екі адам орталық клиналық ауруханаға, бір аяғы ауыр келіншек перинатология және балалар кардиохирургиясына жеткізілді. Олар да алған жарақаттарының жеңілдігіне байланысты амбулаторлы ем қабылдау үшін үйлеріне қайтарылды.