|
09.08.2018 | 15:07
7803

Қазақстанда конго-қырым қанды безгегінен 2 адам қайтыс болды

Қазақстанда конго-қырым қанды безгегінен 2 адам қайтыс болды

Биыл елімізде екі адам конго-қырым геморрагиялық қызбасынан, яғни, көгала дертінен қайтыс болды. Көз жұмған адамның екеуі де оңтүстік аймақ тұрғындары: бірі Қызылорда, екіншісі Түркістан облысынан тіркелген.

Осы жағдайға байланысты тілшіміз Тоғжан Аман ҚР "Қоғамдық денсаулық сақтау" ұлттық орталығының Алматы қаласындағы филиалының зоологы Өмірбек Бақытбекұлы Үсеновпен әңгімелескен еді.

Өмірбек Бақытбекұлы, аталмыш індет қандай жолдармен жұғады? Одан қалай қорғана аламыз? 

– Бұл аталған індет, яғни конго-қырым геморрагиялық қызбасы иксод кенелерінде болатын (гиалома азиатикум) вирустан туындайтын жұқпалы ауру. Індет кене шаққанда немесе кенемен тікелей жанасқанда, езілген кенені қолмен ұстағанда және ауырған адамдардың қанымен жанасқанда жұғады. Қазіргі таңда бұл індеттің белсенді табиғи ошағы Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында сақталуда.

Конго-қырым геморрагиялық қызбасы бойынша елдегі қазіргі ахуал қандай? Биыл қанша адам ауырды және бұл аурудан қайтыс болғандар бар ма?

– 2018 жылдың 7 айында республика көлемінде конго-қырым геморрагиялық қызбасымен 10 адам ауырды. Оның ішінде Түркістан облысында – 4 жағдай, Жамбыл облысында – 4 жағдай, Қызылорда облысында 2 жағдай тіркелді. Өткен жылы Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында 13 адам ауырған еді. 2018 жылдың 7 айында конго-қырым геморрагиялық қызбасынан республика көлемінде 2 адам қайтыс болды, оның ішінде: Түркістан облысында – 1 жағдай, Қызылорда облысында – 1 жағдай тіркелді.

Бұл дерттен қалай қорғанса болады? Алдын алу шараларын айтып өтсеңіз...

– Конго-қырым қызбасынан сақтық шаралары: елді мекендегі тұрғындар табиғатқа шығарда кененің шағуын болдырмайтын арнайы киім, қалпақ киіңіз және шалбардың балағын тығыздап, шұлықтың ішіне салу керек. Кенені алып тастағанда әрқашан қолғап киіңіз. Жеңіл көрінетін, ашық түсті, жақсы қорғалған киім, аяқ киім, бас киім кию қажет.

Өмірбек Бақытбекұлы, бізбен тікелей байланысқа шығып, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін көп рахмет!


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир