Алматыда екі азамат кәсіпкер-алаяқтың арбауына түсті

13.03.2018 17:07

Алматы тұрғындары «алаяқтың арбауына шырмалдық» деп шырылдауда. Көлік сатып алған азаматтың бірі мүлікті атына аудара алмай әлек болса, екіншісі сатқан көліктің ақысын толығымен ала алмай жүр. Әр қайсысы миллион теңгеден қағылған  қаржы далаға кетпесе екен, дейді.

Даудың басы осыдан 2 жыл бұрын басталған. Владимир Грохоров көлігін келісім-шарт бойынша 3 миллион 300 мың теңгеге сатпақ болған. Сөйтіп, өзара С. есімді азаматпен уәделесіп, темір тұлпардың ақысын ай сайын бөліп төлеп отыруға келіскен. Тең жартысын өтеп болғаннан кейін ант-су ішкен күдікті темір тұлпарды тізгіндеп, өзін ұстатпай кетіпті.

«Мен 2015 жылы сотқа арыздандым. 2016 жылы сот оның маған қарыз ақшасын қайтарсын деген шешім шығарды. Әйтсе де әлі де бір тиын да төлеген жоқ.  Телефонын алмайды, сотқа, тіпті, келмейді. Бостандық ауданынң Ішкі істер басқармасы оның 2000 жылы «алаяқтық» бойынша істі болғаны туралы айтты», - деді Владимир ГРОХОРОВ.

Күдікті бір ғана кісіні сан соқтырмаған көрінеді. Мәселені одан әрі ушықтырып, Грохоровтан алған көлікті Дильмурат Адыловқа 2 миллион теңгеге бағалап, сатып алуын сұраған. Сөйтіп, Адыловтың қолында бар 1 миллион теңгесін алып, қалған қаражатты компаниямда көлік жүргізушісі болып өтеп бер деп өтінсе керек. Автокөліктің құжаты түгел болмақ түгілі, төленбеген айыппұлы шаш етектен болып шыққан. Содан кейін,  С. есімді азаматтың қақпанына түскен Адылов 3 айдан кейін Грохоровты көліктің техникалық паспорты бойынша тауып, тілдесіп, сол кісінің кебін кигенін кейінен түсініпті.

«Бұған дейін істі болған ол сабақ алмаған секілді. Әлі де сол заңды белшеден басып жүр. Қол астында істеген бірнеше адамға айлығын бермеген. Маған да соңғы рет, қайда барсаң онда бар, маған бәрі бір, деді.  Ал мен одан алған көлікпен түнгі ауысымдағы жұмысшыларды таситынмын. Сақшылар бірнеше рет маған ескерту жасап, 300 мың теңгеге жинақталған айыппұл мен салық төленбесе, темір тұлпарды айып тұрағына қоямыз деген соң мен ол көлікпен ешқайда шыға алмай қалдым», - деді Дильмурат АДЫЛОВ.

Амалы таусылған Адылов Бостандық ауданының сотына шағым түсірген. Үшінші рет өткен сот отырысына жауап беруші тарап тағы  төбе көрсетпеді.

«Жауап беруші тараптың келмеуіне қатысты, сот отырысы кейінге қалдырылады. Келесі сот отырысы 20 наурыз таңғы сағат 10.00-де болады», - деді  Бостандық аудандық сотының судьясы  Нұрлан НҰРМАҒАНБЕТОВ.

Алданған екі азамат соңғы нүктені аудандық құзырлылар қоя алмаса, жоғары сотқа дейін шағымданамыз, дейді. Өйткені, уақыт пен ақшадан бұрын, әбден әбіргірге түскендіктерін алға тартуда.


Әйкерім Ердәулетқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы