Екі аптадан соң Алматы көшелерінде электрлі автобустар жүйткитін болады

30.03.2017 15:17

Екі аптадан соң Алматы көшелерінде электрлі автобустар жүйткитін болады. Ал, жеңіл рельсті көліктерді қала тұрғындары 4,5 жылдан соң бірақ қолданады. Шетелдік сарапшылар бұл тым көп уақыт дейді. Олардың пікірінше, шаһарда жеңіл рельсті көліктерді көп күттірмей жүргізу қажет. Өйтпеген жағдайда, Алматы көлік кептелісінен көз ашпай қалады. Тақырыпты шетелдік және отандық сарапшылардың Алматыдағы электркөліктердің даму жолын талқылауына барып қайтқан тілшіміз тарқатады.

¤Алматыда құрастырылған бұл электроавтобустар тура 2 аптадан соң қала көшелерінде шығарылмақ. Бірақ, жолаушылар тасымалдау үшін емес. Мамандар әуелі қоғамдық көліктің бұл түрін 1 апта сынап көрмек. Яғни, электроавтобустың техникалық мүмкіндіктері түгелдей сараланады. Көліктің қуат көзі қай аралыққа жететіні, тас жолдағы жүрісі мен жылдамдығы, әрі қауіпсіздігі тексеріледі. Кейін бағытқа шығып, жолаушылардың сынынан өтеді. Электрлі қоғамдық көлік көптің көңілінен шығып, жергілікті билік құп көрсе жуырда жолаушылар игілігіне жарамақ.

«Электроавтобустар таңертең бағытқа шығуы үшін қуатталуы тиіс. Біз әзірше оларды трамвай депосында қуаттаудамыз. Бірақ қалада электркөлікті толықтай енгізу үшін қай орындарда инфрақұрылым салу керек екенін шешу қажет. Менің білуімше, электровтобустардың тоқ күші 70 шақырымға жетеді және ол әр айналымда қуат алып отыруы керек. Сондықтан, соңғы аялдамаларда арнайы стансалар болуы тиіс»,- деді «Алматыэлектркөлік» ЖШС жетекшісі, Ризван ЦИНАЕВ.

Алматының электркөліктерінің дамуын талқылаған шетелдік сарапшылар, алып шаһардың электроавтобустарға бет бұра бастағанын оң өзгеріске балады. Қоғамдық көліктердің халықаралық одағының мамандары осы ретте жеңіл рельсті көліктердің жобасына да тоқталды. Экологияға зиянын тигізбейтін көліктің 1 вагонынының өзі, 450 автомашинаны алмастыра алады екен. Әрі, өзге көліктерден анағұрлым қауіпсіз. Шетелдіктер Алматыда 2010 жылы басталып, әлі де созбаққа салынып келе жатқан жобаны сынға алды.

«Жеңіл рельсті көліктердің жобасын жүзеге асыру құны қымбат болғанмен, артықшылықтары зор. Қаланың дамуына әрі көлік кептелісін азайтады. Ол тәулігіне жүз мыңдаған жолаушыны тасымалдауға қауқарлы. Сондықтан, сіздерге көп ойланбай жобаны іске асыруға кеңес береміз. Әйтпесе, бұл қарқынмен 2022 жылға қарай Алматыда қозғалыс қиындайды. Қала тұрғындары 1-1,5 сағат уақытын жолға жұмсайды. Ал, жеңіл рельсті көлік жүре бастаса көшедегі кептеліс та азайып, қоршаған ортаға да пайдалы болар еді»,- деді Жоба кеңесшісі, Гвидо БРУГГЕМАН.

Алматыда жеңіл рельсті көліктердің жобасы әлі де пысықталып жатыр. Дегенмен, біздің мамандар болашақта жеңіл рельсті көлік депосы Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта орналасатынын кесіп айтты. Бағыт бойынша ол Момышұлы -Төлеби - Панфилов - Астана алаңын қиып өтіп, Райымбек даңғылына келіп тіреледі. Жол ұзындығы 22,9 шақырымды құрайды. Экологияға залал келтірмейтін 36 бірлік қоғамдық көлік алынбақ.

«Жоба жеке кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асады. Біз қазір екі түрлі тәсілді таңдап отырмыз. Біріншісі - мемлекет осы жобаны жүзеге асыруға кететін қаражаттың 80 пайызын субсидия ретінде кәсіпкерге бөледі. Ал, қалған 20 пайызын  өз қалтасынан төлейді. Кейін табыс молайған соң, бизнесмен мемлекетке 80 пайыз ақшаны қайтарып береді. Екіншісі - жобаны жүзеге асыруға кететін шығынның бәрін кәсіпкер өз мойнына алып, 80 пайыз қаражатын құяды. Ал, мемлекет тек жеңіл рельсті көлікті сатып алуға 20 пайыз ақша бөледі»,- деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, Талғат ХОСЧАНОВ.

Трамвайдың орнына іске қосылатын жеңіл рельсті көліктер алып шаһарда тәулігіне 60 мыңнан астам жолаушы тасымалдайды деп жоспарланып отыр. Дегенмен, қала тұрғындарының қоғамдық көліктің бұл түріне қашан мінері әзірге белгісіз. Жауаптылар жобаны жалпы іске асыру мерзімі 52 айға созылады деді. Осыны ескерсек, жеңіл рельсті көлік Алматы көшесінде  тек 4,5 жылдан соң ғана жүру мүмкін.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы