|
16.02.2018 | 20:35
3475

Алматыдағы теракт кезінде әрекетсіздік танытқан полицейлер жазаға тартылуда

Алматыдағы теракт кезінде әрекетсіздік танытқан полицейлер жазаға тартылуда

Террорист Күлекбаевтың шабуылына тойтарыс берудің орнына, төртінші қабатқа тығылған полицейлер жазаға тартылып жатыр. Қылмыстық іс Алмалы аудандық Ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы Асқар Болатовтың  үстінен қозғалған. Оған  Қылмыстық кодекстің 370 бабының 4 тармағы, яғни «қызметте әрекетсіз  отыру» және 371 баптың 2 тармағымен «немқұрайлық» таныту  сынды айыптар тағылған. Аудандық Ішкі істер бөлімі ғимаратына қарсылықсыз баса көктей кірген қарулы Күлекбаев автоматпен оқ жаудырып жүргенде, ауданның қауіпсіздігіне жауапты полицейлердің бірде біреуі  табандылық таныта алмағаны мәлім. Керісінше, астыңғы қабатта отырғандар жоғарыға  қашып, кабинеттерге тығылған. Бүгінгі алдын ала тыңдалымға экс-басшының өзі келмеді. Ал оның адвокаты Таир Назханов соттан қылмыстық істі қысқартуды сұрағанмен, судья  өтінішті қабылдамай тастады.

«Күлекбаев шабуыл жасағанда Болатов үшінші қабаттағы кабинетінде отырған. Қолында қару болмаған. Ал  төртінші қабатта қарулы адамдар болған. Болатов жоғарғы қабатқа прокуратураға, әкімдікке және  Ішкі істер департаментіне болған оқиғаны баяндау үшін көтерілген», - деді күдікті  А.Болатовтың адвокаты Таир НАЗХАНОВ. 

Қылмыстық  іс экс-басшыдан бөлек тағы екі полицейдің үсінен қаралып жатыр. Алмалы аудандық Ішкі істер бөлімінде техникалық қызмет тобының бұрынғы  инженері болған Қайрат Аманжолов пен кезекші бөлімнің экс-инспекторы Сырым Баймендиев та өз істеріне атүсті қарағаны үшін айыптау актісіне іліккен. Ал олардың адвокаттары тергеу кезінде қателік көп кеткендіктен істі қайта қарау керек деп қарсы шағым бергенмен, судья Маратәлі  Бекназаров өтінішті қабылдамады.

«Баймендиевті таныстырамыз дегеннің өзінде оның құқықтары бұзылып отыр. Себебі, ол жерде аудармашы жоқ. Келген қорғаушының өзі қазақ тілін білмейді екен. Екі талап қой бізде. Бірінші, прокуратураға заңның өрескел бұзғанын жоюға, екіншіден, соттың тарапынан қылмыстық істі қысқартуға мүмкіндігі бар», - деді С.Баймендиевтің адвокаты Күлпаш АЙҒЫРБАЕВА. 

Естеріңізде болса, Руслан Күлекбаев 2016 жылы 18 шілдеде  бір сағаттың ішінде 10 адамның өмірін қиған еді. Қаскөй Ішкі істер бөліміне бармас бұрын аудандың соттың ғимаратына судьялар мен прокурорларды өлтірмек ниетпен күткен. Бірақ мақсаты іске аспаған соң, полицейлердің ғимаратына шабуыл жасаған. Қылмыстық істің 10 бірдей  бабымен сотталған Күлекбев ақыры өлім жазасына кесілді. Дегенмен үкім әлі орындалған жоқ.  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир